Қазақстан құрамасы Милан мен Кортина-Д ' Ампеццодағы қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсетіп жатыр. ҚР Туризм және спорт министрлігі ертең, 10 ақпандағы жарыс кестесін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бағдарлама кестесіне сәйкес, ертең шаңғы жарысы, шорт-трек, фристайл-могул, биатлон және мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
Астана уақыты бойынша сағат 13:15-те Надежда Степашкина, Ксения Шалыгина, Анна Мельник және Дарья Ряжко шаңғы жарыстарында еркін стильдегі әйелдер спринтінде өнер көрсетеді. Финал 17:10-ға жоспарланған. 13:55-те ерлер спринті басталады, бұл ретте Қазақстанды Өмірғали Мұратбеков, Виталий Пухкало және Наиль Башмаков танытады, финал – 17:25-те.
Шорт-тректен сағат 14:30-да Яна Хан мен Ольга Тихонованың қатысуымен әйелдер арасында 500 метр қашықтыққа іріктеу сыны өтеді. 15: 08-де Денис Никиша ерлер арасында 1000 метрге іріктеу сынында өнер көрсетеді. Сондай-ақ сағат 15:53-те аралас эстафета жоспарланған, бұл ретте Қазақстан құрамасы атынан Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Яна Хан және Ольга Тихонова бақ сынайды. Финал сағат 16: 48-ге жоспарланған.
Фристайл-могулдан Қазақстанды Павел Колмаков (ерлер, сағат 15:15-те), сондай-ақ Аяулым Әміренова, Юлия Галышева және Анастасия Городко (әйелдер, сағат 18:15-те) танытады.
17:30-да ерлер арасында биатлоннан жеке сында Әсет Дүйсенов пен Владислав Киреев сынға түседі. Жарыс күнін мәнерлеп сырғанау спорты түйіндеді. Сағат 22:30-да Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада өнер көрсетеді.
Барлық жарысты Qazaqstan, Qazsport, Khabar және Jibek Joly телеарналарынан тікелей эфирден көре аласыздар.