Қысқы демалыстың басталуына байланысты ІІМ ата-аналарға үндеу жасады

29 Желтоқсан 2023, 13:45
419
Бөлісу:
Қысқы демалыстың басталуына байланысты ІІМ ата-аналарға үндеу жасады
Фото: polisia.kz

Қысқы демалыстың басталуына байланысты ІІМ ата-аналарға үндеу жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Құрметті ата-аналар! Қазіргі уақытта есірткі кез-келген отбасының өміріне енуі мүмкін. Биыл полиция есірткі таратуға қатысы бар 40-тан астам кәмелетке толмағанды ұстады. Қысқы демалысқа байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларының өміріне барынша араласуға шақырады, себебі баланың есірткі иммунитетін қалыптастыруда отбасының рөлі ең маңызды. Сіздер балаларыңыздың ортасын білулеріңіз керек, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды қадағалағандарыңыз абзал. Жасөспірімнің заттарының арасында кез келген дәрі-дәрмек қаптамалары, фольга, шыны түтіктері, тамшуырлар кездессе, мұқият болыңыз. Мұның бәрі синтетикалық есірткіні қолдануға арналған құрал бола алады. Ақша шығынына немесе керісінше оның көбеюіне назар аударыңыз. Себебі есірткіні қолданудан басқа бала тез арада көп табыс табу мүмкіндігіне қызығып, оны таратуға қатысуы мүмкін, – деді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов. 

Егер сіздің балаңызда: араласатын ортасы өзгерсе; достарымен сөйлесу немесе хат алмасу кезінде жаңа түсініксіз сөздер пайда болса; телефонда, мессенджерлерде геолокациялары бар белгілер, фотосуреттер пайда болса, телефон нөмірлері, интернет-сайтқа сілтемелері бар жазбалар немесе сандар жиынтығы болса; белгісіз заттары бар түрлі-түсті орама болса, сіз күдіктенуге тиіссіз. 

Естеріңізге сала кетейік, есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, есірткіні сатқаны үшін 14 жастан басталады.

Өзгелердің жаңалығы