Қысқы балық аулау. Ондаған азамат жауапкершілікке тартылды

22 Қараша 2024, 14:18
208
Бөлісу:
Қысқы балық аулау. Ондаған азамат жауапкершілікке тартылды
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Павлодар облысында мұз қатпай жатып балыққа шыққандар көбейді. Қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 16 балықшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Касимовтың айтуынша, заңбұзушылық үшін 7АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

Балыққа шықпас бұрын азаматтар мұздың қалыңдығына назар аударған абзал. Оның қалыңдығы кем дегенде 10 сантиметр болған жөн. Сонда мұз қауіпсіз болады. Қазіргі уақытта рейдтік шараларды күшейттік. Кеше ғана Усолка өзенінде болдық. Бір мезетте 10 балықшыға ескерту жасап, айыппұл салдық. Бұған дейін халықты құлақтандыру бойынша ақпараттық науқан ұйымдастырылды. Дегенмен, біздің ескертуімізді елемеген әуесқой балықшылар жетіп артылады, - дейді Ерлан Касимов.

Айта кетейік, бір апта бұрын елімізде «Мұз» атты акция басталды. Шара аясында облыстың су айдындарында 100-ден астам рейд ұйымдастырылды. 500-ге жуық азамат қауіпсіздік ережелері туралы ақпарат алып, құлақтандырылды.

Біздің мамандар қатпаған мұз үстімен шаңғы тебуге шыққан 64 жастағы азаматты жауапкершілікке тартты. Оған 12 922 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Абырой болғанда суға түсіп кеткен зейнеткер өз күшімен шығып үлгерді. Құтқарушылар азаматты жылы жерге апарып, үйіне жеткізді. Осындай жағдайларды алдын алу мақсатында қызметкерлеріміз күшейтілген режимде рейдтік шараларды қолға алды. Мәселен, аңшылық және балықшылық құралдарды сату орындарында жаднамалар таратып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, - дейді маман.

Рейдтік шараларды төтенше жағдайлар департаментінің 200-ден астам қызметкері өткізіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы