Астананың коммуналдық қызметтері тәулік бойы тоқтаусыз режимде қар күреу жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
20 қаңтарда күндізгі ауысымда қар тазалау жұмысына 2700-ден астам жол жұмысшысы және 1400-ден жоғары арнайы техника шықты.
20 қаңтарға қараған түні елордадан қар полигондарына 1 793 рейспен 23 314 текше метр қар шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бастап қаладан 275 940 рейспен 3,3 млн текше метрге жуық қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде "112" нөміріне хабарласыңыз.