Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылғы 27 қаңтарға жоспарланған президент сайлауының еркін, әділ әрі ашық өтуін қамтамасыз ету шаралары туралы жарлыққа қол қойды.
Құжат сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын, азаматтардың сайлау құқықтарын сақтауға және сайлаудың барлық қатысушысы үшін тең жағдай жасауға бағытталған.
Жарлық нені көздейді?
Мемлекеттік және муниципалдық органдардың сайлау процесіне араласуына, сондай-ақ жекелеген кандидаттардың мүддесі үшін әкімшілік ресурсты пайдалануға жол бермеуге ерекше назар аударылды.
Атап айтқанда, мектеп мұғалімдері мен оқушыларын, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттерін, әлеуметтік қорғау және медицина мекемелерінің қызметкерлерін, сондай-ақ басқа да мемлекеттік және муниципалдық ұйымдардың қызметкерлерін кез келген кандидаттың пайдасына сайлауалды үгіт-насихатқа тартуға тыйым салынады.
Үгіт-насихат жұмыстарына заңсыз қатысқан немесе қызметтік жағдайын кандидаттардың мүддесіне пайдаланған атқарушы билік, құқық қорғау органдарының, жергілікті мемлекеттік әкімшіліктер мен өзін-өзі басқару органдарының басшылары мен лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Қажет болған жағдайда атқарып отырған лауазымынан босату қарастырылған.
Ережелердің сақталуын кім қадағалайды?
Министрлер Кабинетіне жарлықта көзделген шаралардың орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясына сайлау заңнамасын біркелкі қолдану және азаматтарды хабардар ету үшін қосымша шаралар қабылдау ұсынылды.
Сонымен қатар, құжат Қырғызстан заңнамасына сәйкес халықаралық байқаушылардың қатысу мүмкіндігін қарастырады.
Қырғызстандағы президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтуі тиіс.