Қырғызстанда Құрбан айт мерекесіне теракт жасамақ болғандар ұсталды

13 Шілде 2022, 10:57
1340
Бөлісу:
Қырғызстанда Құрбан айт мерекесіне теракт жасамақ болғандар ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қырғызстан Арнайы қызметі Бішкекте Құрбан айт мерекесіне әзірленген терактінің алдын алды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитеттің мәліметінше, теракт жасамақ болды деген күдікпен халықаралық террористік ұйымға қатысы бар және Сириядан жалған төлқұжатпен келген екі шетелдік ұсталған. Одан бөлек, Бішкекте халықаралық террористік ұйым мүшелеріне көмек көрсеткен бірнеше Қырғызстан азаматы ұсталған.

Тергеу бұл адамдардың Сириядағы ұрыс аймағында диверсиялық және террористік дайындықтан өткендігі туралы бұлтартпас дәлелдерге қол жеткізді. Ұсталғандардың бірі – қолдан жасалған жарылғыш зат жасау жөніндегі нұсқаушы, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар ұсталған содырлар 9 шілде күні Айт намазы кезінде террористік акт жасамақ болғаны анықталған. Ол үшін олар орталық алаңға жақын жерден пәтер жалдап, сол жерде барлау жүргізген.

9 шілдеде Бішкектің ескі алаңында Құрбан айт мерекесіне арналған намаз оқылды. Оған оң мыңдай адам қатысты, оның ішінде елдің жоғары басшылығы – президент Садыр Жапаров, арнайы қызметтің басшысы Қамшыбек Ташиев те бар.

Өзгелердің жаңалығы