Абай облысында 21 жастағы кәсіпкер қымыздан балмұздақтың 18 түрін шығарады. Ерекше өнімнің авторы - Айдын Серікқазин. Ол кәсібін 2019 жылы бастаған. BAQ.KZ тілшісі ұлттық брендті дамытып жүрген жас кәсіп иесімен сұхбаттасты.
Кәсіпкер Семей қаласы Абай ауданы Қарауыл ауылының тумасы. 2019 жылы Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжін техник-бағдарламалаушы мамандығы бойынша тәмандаған.
Кәсіппен 2019 жылдан бері айналысып келемін. Сол жылы 27 желтоқсада Семей қаласының сауда үйінде алғашқы нүктемді аштым. Жалпы қымыздан жасалған балмұздақ Қырғыз елінде жиі тараған екен. Содан ойыма "қымыз елімізде көп, өнім бар, енді неге сапалы өнім шығармасқа" деген ой келді. 2019 жылы Семейдегі колледжімді аяқтай сала, Атамекен кәсіпкерлер палатасының ұйымдастырумен өткен жас кәсіпкердің жобасына қатыстым. Сөйтіп жобадан 505 мың теңгенің грантын жеңіп алдым. Содан бері кәсібім өрге жүзіп келеді, - дейді Серікқазин.
Қымыздан жасалған балмұздақтың адамға пайдасы болмаса, кері әсері жоқ. Оны бізге Айдын былай түсіндірді.
Қымыздан жасалатын балмұздақтың түрлерін өзім ойлап таптым. Кейін авторлық құқығымды рәсімдеп, Қазақстан бойынша қымыздан жасалатын балмұздақтың патент иесі атандым. Жалпы ұлттық брендті дамытқым келді. Қазіргі таңда нарықта Qaz Ice атауымен жүрміз. Атқа қатысты өнім болғандықтан логотипте екі ат бейнеленген. Балмұздақтың 18-ден астам түрі бар, оның ішінде қымыздан және саумалдан деп екіге бөлінеді. Қымыздан жасалған балмұздақтың қышқыл дәмі болса, ал саумал қосылғаны тәтті келеді. Айына 5-6 мың балмұздақ шығарылады. Құны 700 теңгеден басталады. Өнімнің құрамында ешқандай бояу, консервант, стабилизатор қосылмаған. Балмұздаққа қосымша әртүрлі жеміс-жидектер қосылады. Жалпы құрамында В1, В2, В12, А, С, D витаминдері бар, - деді жас кәсіпкер.
Айдын кәсібінің кеңейе түскенін айтып, алдағы жылдары экспортқа шығаруды көздеп отырғанын жасырмады.
Біржағынан қазіргі балалар мен жастар қымыз ішуге әуес емес, одан гөрі балмұздақ көп жейді. Сондықтан өнімді шығарар алдында мұны да ойладық. Қазір балмұздықтың дәмі отандастарымыздан бөлек, елімізде келген туристерге де қатты ұнайды, - деді ол.
Сондай-ақ ол 5 миллион теңгенің грантын ұтып алған.
2020 жылы "Бизнестің жол картасы-2025" бағдарламасы аясында 5 млн теңгенің қайтарымсыз грантын жеңіп алдым. Кәсібім одан әрі дөңгелене түсті және Ресейден арнайы сағатына 80 кг балмұздақ шығаратын қондырғылар сатып алдым. Бүгінде өнім Астана, Алматы, Балқаш, Өскемен және Семей қалаларындағы серіктестерімізге жеткізіліп отыр. Биылдан бастап еліміздегі дүкендерге де шығарсақ деген жоспарымыз бар. Бүкіл елімізді қамтып, кейін экспортқа шығарсам деген арманым да бар, - деді Серікқазин.