«Qymyz shop» жойылды: Есірткі саудасын ұйымдастырғандар 17 жылға сотталды

Ұйымдасқан қылмыстық топ ірі интернет-дүкен арқылы психотроптық заттарды саудалаған

 ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 19:30
Бүгiн 2026, 19:30
237
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақтөбеде «Qymyz shop» есірткі желісінің мүшелері 17 жылға сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық соты ірі интернет-дүкен арқылы психотроптық заттарды саудалаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты үкім шығарды.

Ақтөбе облысы прокуратурасының мәліметінше, арнайы прокурорлар жүргізген тергеу амалдары нәтижесінде «Qymyz shop» интернет-дүкенінің қызметі толық әшкереленген. Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының арқасында еліміздің бірнеше өңірін торлаған қылмыстық желі жойылды.

Тергеу барысында анықталғандай, қылмыстық топ Telegram мессенджері арқылы «контактісіз сату» (закладка) қағидаты бойынша жұмыс істеген.

Тапсырыстар қашықтан қабылданып, қаржы операциялары «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүргізілген. Бұл қылмыскерлерге ұзақ уақыт бойы өз әрекеттерін жасыруға мүмкіндік берген.

Жедел-тергеу шараларының нәтижесінде топ мүшелері Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстарында және Астана қаласында анықталып, ұсталды. Заңсыз айналымнан 10 келіден астам психотроптық зат тәркіленді.

2026 жылғы 17 наурыздағы сот шешімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 қатысушысы кінәлі деп танылды. Олар 15 жылдан 17 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлады Ақтөбе облысы прокуратурасының баспасөз қызметі. 

 

Наверх