Қоғамға қауіп төндірмейтін экономикалық құқық бұзушылықтар Қылмыстық кодекстен алынып тасталады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжіліс экономикалық құқық бұзушылықтарды одан әрі қылмыстық сипаттан арылту және заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілетін ілеспе түзетулерімен екінші оқылымда қабылдады.
Өткен аптада депутат Абзал Құспан заң жобасын бірінші оқылымда таныстырған болатын.
Қылмыстық кодекстің 219-бабы (кредиттi заңсыз алу немесе бюджеттік кредитті мақсатсыз пайдалану) мен 241-бабын (ҚР бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасын бұзу) қылмыстық сипаттан арылту көзделген, - деді депутат Құспан жалпы отырыста.
Қылмыстық кодекстің 234-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша жауапкершілік 10 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке ұлғайтылады. 236-бабы (кедендік баждарды, кедендік алымдарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын төлеуден жалтару) бойынша 5 мыңнан 10 мың АЕК-ке ұлғайтылады.
Сонымен қатар тиісті акт не қорытындыларында қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін жеткілікті деректері бар қорытынды қоса берілмеген және актілерге қатысты жоғары тұрған органға не сотқа шағым жасалған кезде, сондай-ақ (жұмыстар нақты орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей не декларация ұсынылмай мәмілелер бойынша есепке жазу жүргізілген жағдайларды қоспағанда) есепке жазылған салық сомалары толық ерікті түрде өтелген кезде салық қылмыстары саласындағы істерді тіркеуге жол берілмейді, - деп түсіндірді мәжілісмен.
Еске сала кетейік, 2024 жылы 1 АЕК 3 692 теңгеге тең.
Сондай-ақ бүгін Мәжіліс Қазақстан мен Қытай үкіметтері арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялады. Қазақстанның түркі мемлекеттерімен жүк тасымалы артады. Ал Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау уақыты екі есе қысқарады.