Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Құтыру: Жануар тістесе, абай болыңыз

27 Қыркүйек 2025, 16:30
623
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Құтыру – орталық жүйке жүйесіне әсер ететін аса қауіпті вирус. Дертке қарсы нақты ем жоқ, сондықтан алдын алу шаралары – жалғыз тиімді жол. Жануар тістеген жағдайда уақытылы вакцина мен иммуноглобулин алу өмірді сақтап қалады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда да, әлемде де ең қауіпті жұқпалы аурулардың бірі – құтыру. Ол орталық жүйке жүйесіне әсер етіп, уақтылы ем жасалмаса, әрдайым өлімге әкеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, құтырудың негізгі қоздырғышы – ауру жануардың сілекейі арқылы берілетін вирус.

 

Ауру қалай жұғады?

Құтыру әдетте ит, мысық секілді жануарлардың тістеуі немесе жарақаттанған теріге сілекейдің түсуі арқылы тарайды. Аурудың даму қарқыны жарақаттың тереңдігіне, орналасқан жеріне және ағзаға енген вирус мөлшеріне байланысты болады.

Астана қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Жанна Пірәлиеваның мәлімдеуінше, егер тістеген жер миға жақын болса (бет, мойын), инкубациялық кезең әлдеқайда қысқарады.

 

Аурудың кезеңдері

Дәрігерлер құтырудың ағымын бірнеше кезеңге бөледі:

1. Инкубациялық кезең.

  • Екі аптадан екі айға дейін созылады, кей жағдайда бірнеше күннен бір жылға дейін жалғасуы мүмкін.

2. Продромальды кезең.

  • 2–10 күн ішінде әлсіздік, бас ауруы, ұйқысыздық, қызу, тітіркенгіштік байқалады. Тістеген жерде қышу немесе күйдіру сезімі болуы мүмкін.

3. Неврологиялық кезең.

  • Аурудың ең қауіпті сатысы.

Қозған түрінде науқаста қатты үрей, мазасыздық, судан қорқу (гидрофобия) белгілері дамиды. Су ішуге тырысқанда жұтқыншақ бұлшықеттері құрысып, ауырсыну күшейеді. Кейде галлюцинация, фотофобия, сілекейдің көп ағуы байқалады.

Параличтік түрінде бұлшықет әлсіздігі мен салдану дамиды. Гидрофобия болмайды, бірақ тыныс алу бұлшықеттері жансызданып, өлім қаупін тудырады.

4. Кома және өлім.

  • Алғашқы белгілерден кейін 7–10 күн ішінде науқас комаға түсіп, көбіне тыныс алу жеткіліксіздігінен немесе жүрек қызметінің тоқтауынан көз жұмады.

 

Емдеу және алдын алу

Қазіргі таңда құтыруды толық емдейтін арнайы терапия жоқ. Дәрігерлер тек симптомдарды жеңілдетуге бағытталған қолдау көрсетеді. Сондықтан алдын алу – ең басты шара.

Жануар тістеген жағдайда бірден дәрігерге жүгіну қажет.

Жарақатты жуу, өңдеу және құтыруға қарсы вакцина мен иммуноглобулинді уақытылы енгізу – аурудың дамуын тоқтатудың жалғыз тиімді жолы.

Құтырудың ең басты ерекшелігі – оның алдын алуға болатындығы. Уақтылы вакцинация мен дәрігер көмегіне жүгінген жағдайда аурудың дамуы тоқтайды. Ал егер профилактика жасалмаса, дерт әрдайым өліммен аяқталады, - дейді дәрігер.

Дәрігерлердің кеңесі: жануар тістегенде уақыт жоғалтпай, міндетті түрде медициналық көмекке жүгініңіз.

Өзгелердің жаңалығы