Құс еті өндірісі: Саладағы жетістіктер мен проблемалар

Құс еті өндірісі: Саладағы жетістіктер мен проблемалар

2023 жылдың қорытындысы бойынша 328,6 мың тонна сойыс салмағындағы құс еті өндірілді. Отандық құс фабрикалары ішкі нарыққа өнімнің 74%-ын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, 2023 жылдың 11 айында экспортқа 28,2 мың тонна өнім жөнелтілді. Сондай-ақ былтыр етті құс шаруашылығын субсидиялауға 21,7 млрд теңге, оның ішінде құс еті өндірісінің құнын арзандатуға - 21,4 млрд теңге және асыл тұқымды тәуліктік балапанды сатып алуға - 336,8 млн теңге бағытталды.

Алдағы 3 жылда жалпы қуаттылығы 210 мың тонна құс етін өндіретін 29 жобаны іске қосу жоспарланып. Бұл 2027 жылға қарай импортқа тәуелділікті толық жабуға мүмкіндік береді. Жобаларды iске асыру Үлкен жоба шеңберiнде жоспарланып отыр.

Жалпы елімізде құс фабрикалары қалай жұмыс істеп жатыр? Өндірістің даму қарқыны қалай? Сондай-ақ саладағы проблемалар жайлы AITAS холдингінің Дистрибуция және өңдеу бағытының басшысы Татьяна Зандерден сұрап көрдік.

Құс еті өндірісі: Саладағы жетістіктер мен проблемалар

- Татьяна ханым, алдымен өздеріңіз басқарып отырған құс фабрикасы жайлы айтып берсеңіз...

- AITAS холдингіне Макинск және Өскемен құс фабрикалары, сонымен қатар Алматы асыл тұқымды құс репродукторы кіреді. Бұдан бөлек қазіргі уақытта «Жетісу» Алматы құс фабрикасының құрылысын бастауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Макинск құс фабрикасы – Орталық Азиядағы құс етін өндіру бағытындағы ең ірі кәсіпорын. Үшінші кезек іске қосылған соң бұл фабрика жылына 90 мың құс етін өндіретін болды.

Құс етін өндіруде Қазақстандағы ең көне фабрика саналатын Өскемен құс фабрикасы 1976 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қуаттылығы – жылына 60 мың тонна құс еті. «Куc&Вкус» брендімен салқындатылған құс еті ең алғаш рет осы фабрикада шығарыла бастаған болатын.

Холдингке кіретін кәсіпорындарды инкубациялық жұмыртқамен қамтамасыз ету мақсатында холдинг Алматы облысы Іле ауданында орналасқан асыл тұқымды құс репродукторын салып, іске қосты. Репродуктордың қуаттылығы – жылына 80 млн инкубациялық жұмыртқа. Инвестиция 25 млрд теңгеден астам қаржыны құрады.

- Елімізде құс еті өндірісі қалай дамып жатыр?

- Азық-түлік шығару және өңдеу өндірісі мәселелерінде құс шаруашылығы ерекше рөлге ие, себебі құс еті қолжетімді ақуыз көзі ретінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды тауарлардың қатарына кіреді. Ал шұжық өнімдері өндірісінде құс еті негізгі компоненттердің біріне айналды.

Соңғы жылдары құс шаруашылығы өнімдерінің сан және сапа тұрғысынан өсуі байқалады. Мәселен, 2022 жылы бройлер етін өнеркәсіптік өндірудің жалпы көлемі 284 мың тоннаға жетті. Қазақстанның құс фабрикалары импортты қысқартып, өнімді экспорттау үшін барынша жағдай жасап келеді. Бұл жолда кәсіпорындарға әлемдік компаниялар ұсынған заманауи құрал-жабдық көмектесіп келеді. Мұндай технология ауа температурасы және айналымы, ылғалдығы тұрғысынан барлық талапты сақтауға мүмкіндік береді. Құс ұстауға арналған ғимараттар толықтай автономды жұмыс істейді, олар цифрлық жүйелер арқылы кез келген топтағы құстың өмір сүруіне барынша қолайлы жағдай жасайды.

Құс фабрикаларымызда өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін цифрлық шешімдер қолданылады. Құс бағу процесіне адам мейлінше аз араласса, тұрақты нәтиже соғұрлым жоғары болмақ. Ақпаратты жинауға арналған жүйелердің автоматтандырылуы, өндірістік бақылау бағдарламалары, жұмыстың автономды жүруін қамтамасыз ету – осының бәрі құс шаруашылығындағы заманауи үдеріс болып тұр.

- Салада қандай проблемалар бар?

- Құс шаруашылығындағы негізгі проблемалар қатарында ресейлік арзан өнімнің көптеп импортталуын, өзіндік бағасының жоғары болуына байланысты отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмен болуы, биоқауіпсіздік мәселелері, ішкі нарықты заңсыз бәсекелестіктен қорғаудың әлсіздігі, импорттық құс етін әкелуге берілетін квота көлемінің қысқармауы бар. Сонымен бірге екінші деңгейлі банктердің аграрийлерге беретін пайыздық үстемақысының жоғарылығын, мемлекеттік қолдаудың жеткілікті болмауын, Салық және Экологиялық кодекстердің жекелеген нормаларының қиындық тудыруын атауға болады. Осы факторлардың бәрі түптеп келгенде құс шаруашылығы жобаларының қымбаттауына, ал өз-өзін ақтауы 12 жылдан асып кетуіне алып келеді. Салдарынан жалпы саланың инвестициялық тартымдылығы төмендейді.

Бұдан бөлек құс шаруашылығында мамандар тапшылығы байқалады.

Құс еті өндірісі: Саладағы жетістіктер мен проблемалар

- Бүгінде құс етінің жыл сайын өсіп жатқанын байқап отырмыз. Қымбатшылықтың нақты себептерін атап берсеңіз. Құс еті биыл да қымбаттауы мүмкін бе?

- Өнім бағасына қатысты сұрақ әдетте өндірушіге қойылады, алайда құс етінің бағасын нарықтық сұраныс және ұсыныс реттейді. Өндіруші құс етінің сатылымдағы, дүкен сөресіндегі бағасын қоймайды. Үстеме бағаны көтерме сауда жасайтын дистрибуторлар белгілейді.

Құс еті бағасының өзгеруіне жем-шөп құны, өндіру мен тұтынудың жыл бойынша құбылып отыруы, шығарылатын өнім көлемінің артуы, сәйкесінше, бәсекелестіктің күшеюі, халық табысының артуы не кемуі секілді түрлі фактор әсер етеді. Сонымен қатар құс еті нарықтағы сұраныс пен ұсының теңдігіне де тәуелді, яғни сұраныс артса, баға көтеріледі, түссе төмендейді.

- Елімізде құс фабрикалары отандық нарықты толық қамти ала ма? Қай елдерден бізге әлі де құс еттері келеді?

- Қазақстан бойынша құс етін ел ішіндегі тұтыну көлемі 2023 жылы 439 мың тоннаны құрады. Бұл қажеттіліктің 70%-ын отандық құс фабрикалары қамтамасыз етіп отыр, 30%-ға жуығы импорт өнімдер жауып отыр. Негізгі импорт – АҚШ-та шыққан тауық сан еті, Ресейден келетін өнімдер.

- Ал сыртқы нарыққа қанша тонна ет жөнелтіледі және қай елдерге?

- AITAS холдингіне кіретін «Aitas Meat Distribution» ЖШС 2023 жылы экспортқа 21 197 тонна шығарды, оның ішінде Ресейге 14 804 тонна, Беларуське 398 тонна, Өзбекстанға 322 тонна, Қырғызстанға 5 673 тонна өнім жіберді.

- Құс етінің сапасы мен қауіпсіздігі қалай бақыланады?

- Жыл сайын Стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым талаптары бойынша Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі менеджменті жүйесіне аудит жүргізіледі. Ветеринариялық инспекция ет өнімдерін азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан зертханалық зерттеуден өткізеді.

Өндірістік бақылау бағдарламасы бойынша және Қазақстан Республикасының Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарына сай болуын тексеру үшін өндіріс санитариясын бақылауға қатысты зертханалық зерттеу атқарылады. Өнім бекітілген сапа критерийлері (саны, салмағы, тауар сипаты және т.б.) бойынша шығарылады. Дайын өнім қабылданған норматив-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес әзірленеді.

- Мемлекет тарапынан құс етін өндірушілерге қандай қолдау көрсетіліп жатыр?

- Асыл тұқымды мал шаруашылығының, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттырудың дамуын субсидиялау ережелеріне сәйкес, құс фабрикалары шығарылған және сатылған құс етінің әр келісіне, сонымен қатар асыл тұқымды репродуктор үшін сатып алынған тәуліктік балапанның әр басына субсидия алады. Бұл субсидия құс шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыруға және асыл тұқымды құс шаруашылығын дамытуға бағытталған.

Бұдан бөлек мемлекет инвестордың салған инвестициясының бір бөлігін субсидиялайды, жекелей алғанда құс фабрикасы немесе асыл тұқымды репродуктор салынғанда 25%-ға дейін субсидиялау қарастырылған. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы құрылыс фабрикаларын салуға ынталандыру үшін қажет.

Былтыр агроөндірістік кешенді қолдауға арналған субсидия 2022 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға аз берілді. Жекелей алғанда тыңайтқыш құнын субсидиялау көлемі 23%-ға, пестицидтер бойынша 27%-ға, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ арқылы бағаны тұрақтандыруға берілетін субсидия 20%-ға, мал шаруашылығының субсидиясы 21%-ға қысқарды.

- Фабрикаларда қандай қауіпсіздік ережелері сақталған? Құс тұмауынан сақтану үшін қандай шаралар қабылданған?

Холдингіміздің құс фабрикалары – Қазақстан аумағында ең көп құс етін өндіретін және сататын кәсіпорындар, сәйкесінше, өнім қауіпсіздігі өндірісте басымдылыққа ие.

Барлық құс фабрикасы — жабық түрдегі режимдік нысан.

Құс фабрикасына кіретін және шығартын барлық көлік, адам, шикізат, өндіріс мұқият тексеруден өтеді.

Биологиялық қатерді басқару бағдарламалары енгізілген, биоқорғаныстың белсенді және превентивті шаралар кешені бекітілген.

Құс фабрикасындағы басты және тиімді қорғаныс шарасы — барлық адамның биоқорғаныс, биоқауіпсіздік талаптары мен ережелерін толықтай сақтауы, кәсіпорын ішінде өндірістік мәдениеттің жоғары деңгейде болуы.

Құс фабрикасының биологиялық қорғанысында ұсақ дүние деген жоқ, мұны әр қызметкер біледі.

- Фермерлер қалдықтарды қайда жібереді?

- Құс сойылған фабрикада қан, қауырсын, ішкі ағза, сүйек, бас-аяқ секілді түрлі қалдық қалады. Құс фабрикалары мұндай қалдықты түрлі жолмен өңдейді. AITAS холдингіне қарасты құс фабрикаларында қалдық өңдеу – жоғары технологиялық процесс. Әр қалдық түрі өзіне сай технология және стандартпен өңделеді. Осының нәтижесінде қосымша өнімдер, жекелей алғанда ет-сүйек ұны, қан-қауырсын ұны, жемдеу майы алынады. Жоғары сапалы ет-сүйек ұны мен жемдеу майы дәрумендерге және минерадарға бай, үй жануарларына арналған тамақ индустриясында сұранысқа ие.

Құс саңғырығына қатысты жағдай да осындай. Әдетте мұндай қалдық арнайы полигонға немесе компостау алаңына шығарылады. Бірақ қазіргі заманауи құс фабрикалары компостау алаңдарын модернизациялап, саңғырықты органикалық тыңайытқышқа айналдыруды қарастырып жатыр.

- Уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге алғыс айтамын!

Бөлісу: