Нысанның дайындық деңгейі 85%-ға жетті, оны биыл желтоқсанда пайдалануға беру жоспарланған.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай "ЕРСАЙ" индустриалды теңіз порты аумағындағы құрылыс барысымен танысты.
Жобаны Lancaster Group және Atasu Group компаниялары бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Аумағы 50 мың шаршы метр болатын терминал жылына 120 мың жиырма футтық контейнерді (ЖФЭ) өңдей алады. Ол теңіз, теміржол және автомобиль көлігімен жеткізілетін контейнерлік және басқа да жүктерді қабылдауға арналған.
Жаңа терминал Қытай, Қазақстан, Каспий маңы елдері, Кавказ және Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік маршрутының мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Толық іске қосылған кезде нысанда 60 жаңа жұмыс орны ашылады.
Қазір порт аумағында кемелердің қауіпсіз кіруін қамтамасыз ету, өткізу қабілетін арттыру және өңделетін жүк түрлерін көбейту мақсатында тереңдету жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Жұмыс сапарының қорытындысында облыс әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.