Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Құрылыс адам үшін жобалануы керек: Сарапшы жаңа кодекс туралы ойын айтты

Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
8 Қазан 2025, 15:54
367
Бөлісу:
 архив/ BAQ.KZ
Фото: архив/ BAQ.KZ

"Urban Living" ЖШС-ның Бас директоры әрі ҚР Парламенті жанындағы Қоғамдық палатаның мүшесі Гүлмира Байғабылова Құрылыс кодексінің жобасына енгізілген өзгерістер туралы айтып, оның ішінде қалалық ортадағы адам құқықтары мен инклюзивтілікке қатысты маңызды талаптардың кейбірі әлі толық жүзеге аспағанын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мен жүзге жуық түзету ұсындым, соның ішінде қауіпсіздік, қалалардың жоспарлануы адамдар үшін, жаяу жүргіншілерге 15 минуттық жаяу жүріп-тұру алыстығында әлеуметтік нысандар болуы, кедергісіз орта және белсенді мобильділік туралы нормалар бар. Қазір түзетулерімнің шамамен жартысын депутаттар қабылдады, - деді ол.

Қай талаптар әлі кодекске енбеді?

  • Құқық қорғаушының айтуынша, терезеден құлауға қарсы қауіпсіздік шаралары жаңа ғимараттар мен әлеуметтік нысандарда міндетті түрде қаралуы керек. Бірақ қазіргі жобада бұл норма жоқ.
  • Тағы бір маңызды мәселе – тұрғын үй құрылысы кезінде мектеп, балабақша және аурухана секілді әлеуметтік инфрақұрылымның алдын ала салынбауы. Байғабылова бұл норма кодексте міндетті түрде болуы тиіс екенін айтады.
  • Қаланың бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау (ПДП) құжаттарында әлеуметтік нысандарға арналған жерлер өзгерістен қорғалуы тиіс, яғни ол жерлер тұрғын үйге немесе басқа мақсатқа пайдаланылмауы керек.

Кодекс қалай өзгереді?

Гүлмира Байғабылова Кодексте құрылыс салу процесіне мемлекеттің бақылауын күшейтуді және құрылыс стандарттары ғана емес, оларды орындау нормаларын да нақты жүйеге келтіруді талап етеді.

Біз адамға бағытталған орта қалыптастыруымыз керек. Қоғам, қала – адам үшін. Жаяу жүргіншілерге арналған жол, велосипед жолдары, әлеуметтік объектілер 15 минут жаяу жүріп жететін жерде болуы тиіс. Құрылыс стандарттары өте жақсы болады, бірақ олар көбінесе орындалмайды, - деді ол.

Сондай-ақ Байғабылова заң жобасында көлік, жолаушылар қозғалысы, қоғамдық көлік пен жеке көлікті, велосипед және жаяу жүргіншілер қозғалысын үйлестіретін жүйелердің болуына көңіл бөлінгенін айтты.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжілісте жаңа Құрылыс кодексі таныстырылды. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Құрылыс кодексінің жаңа жобасын таныстырды. Сөзінше, Қазақстанда қала құрылысына бақылау күшейтілмек. Енді нысандар ретсіз салына бермейді. Құрылыс саласындағы бірыңғай цифрлық платформа қашан іске қосылатыныны белгілі болды.

Өзгелердің жаңалығы