Құрылтай съезінде «Әділет» партиясының жарғысы бекітілді

Астанада өткен құрылтай съезінде делегаттар жаңа саяси ұйым құру туралы шешімді қолдап, партияның атауы мен негізгі құжаттарын бекітті.

 ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек Бүгiн 2026, 11:53
Бүгiн 2026, 11:53
129
Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Астанада «Әділет» партиясының құрылтай съезі өтіп жатыр. Жиын барысында делегаттар жаңа саяси бірлестік құру туралы шешімді қолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ  тілшісі.

Тиісті шешімге съезге қатысқан 931 делегат дауыс берді. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен мыңнан астам делегат пен партия жақтастары жиналды.

Съезд барысында партияның қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі ресми атауы бекітілді. Күн тәртібінде жарғы мен бағдарламаны қабылдау, сондай-ақ партия төрағасы мен басшылық құрамын сайлау мәселелері қаралды. Барлық рәсімдер «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңы талаптарына сәйкес өткізіліп жатыр.

Ресми бөлім басталмас бұрын қонақтарға арнап өнерпаздардың қатысуымен шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Одан кейін делегаттар жаңа саяси ұйымның негізгі бағыттарын талқылауға кірісті.

Партия өкілдерінің мәлімдеуінше, ұйымның идеологиялық негізі әділдік, отаншылдық, жауапкершілік, еңбекқорлық және даму қағидаттарына сүйенеді. Бағдарламада заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтық бастамаларды қолдауға және «Әділетті Қазақстан» құруға басымдық берілген.

Жаңа партия құру бастамасы ресми түрде 2026 жылғы 15 сәуірде жарияланған болатын. Ал келесі күні ұйымдастыру комитеті тіркеу рәсімдерін бастау үшін Қазақстанның Әділет министрлігіне хабарлама жолданғанын мәлімдеді.

30 сәуірде партия мүшелікке өтініш қабылдауға және азаматтардың ұсыныстарын жинауға арналған жеке цифрлық платформасын іске қосты. Ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, сайт жұмысының алғашқы күндерінде партия қатарына қосылуға ниет білдіргендерден 8 мыңнан астам өтініш түскен.

Сондай-ақ партия өкілдері тіркеуге қажетті қолдаушылар шегінен өткенін хабарлады. Яғни еліміздің әр өңірі мен республикалық маңызы бар қалаларда кемінде 200 адамнан тіркелген.

Наверх