Құрылтай сайлауы: Қорытынды телепікірсайыс 19 тамызда «24KZ» арнасында өтеді

 ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек 12 Тамыз 2026, 16:55
12 Тамыз 2026, 16:55
189
Фото: ©BAQ.KZ/Мақпал Орынбек

Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы қорытынды телевизиялық пікірсайысты 19 тамызда өткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Пікірсайыс алаңы ретінде «Хабар» агенттігі» АҚ-ның «24KZ» телеарнасы белгіленді.

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлімдеді.

Оның айтуынша, қорытынды пікірсайыс өтетін алаң ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұсынысы бойынша таңдалған. Телевизиялық формат пікірсайысты эфирден көрсетуге және оны сайлаушылардың кең ауқымына қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

«Сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайысты 2026 жылғы 19 тамызда “24KZ” телеарнасында өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ сайлау алдындағы пікірсайысты өткізу регламенті әзірленді», – деді Ләззат Сүйіндік.

Регламентте пікірсайысты өткізу тәртібі, қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезектілігі, эфир уақытының ұзақтығы және басқа да ұйымдастырушылық мәселелер белгіленген.

Телепікірсайысты төрт раундта өткізу ұсынылып отыр. Әр раундтың жеке тақырыбы мен форматы болады.

Бірінші раунд – «Партияларды таныстыру». Оның мақсаты – сайлаушыларды саяси партиялардың негізгі бағыттары мен басымдықтарымен таныстыру.

Екінші раунд – «Оппоненттерге сұрақтар». Бұл кезеңде қатысушылар басқа партиялардың өкілдеріне сұрақ қоя алады.

Үшінші раунд – «Көрермендер сұрағы».

Телепікірсайысты төртінші раунд – «Сайлаушыларға үндеу» қорытындылайды.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау 2026 жылғы 23 тамызда өтеді.

Наверх