Өткен аптада Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізімдерді қабылдау кезеңін аяқтап, оларды тіркеуді бастады. Сонымен қатар сайлау науқанының бюджеті, сайлау жарнасын төлеу тәртібі және халықаралық байқаушыларды аккредиттеу бойынша жаңа мәліметтер жарияланды. Төменде ОСК отырыстары мен брифингтерінің қорытындысы бойынша негізгі деректер ұсынылады.
Барлық партиялар тізімдерін тапсырды
13 шілде күні сағат 18:00-ге дейін сайлауға қатысуға жіберілген жеті партияның барлығы партиялық тізімдерін ұсынды. ОСК мәліметінше, кандидаттар саны төмендегідей:
- «Әділет» партиясы – 186 кандидат (ең үлкен тізім);
- Respublica – 76;
- Қазақстан халық партиясы – 72;
- «Ауыл» партиясы – 69;
- «Ақ жол» партиясы – 63;
- «Байтақ» партиясы – 51;
- ЖСДП – 33.
Осылайша, 145 депутаттық мандатқа барлығы шамамен 550 кандидат ұсынылды. Уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізген тексеруден кейін тіркелетін кандидаттар саны азаяды. Мәселен, «Байтақ» партиясының 51 кандидатының 47-сі ғана тіркеуден өтті. Соның нәтижесінде тіркелген кандидаттардың жалпы саны шамамен 546 адамды құрады.
Партиялық тізімдерді тіркеу 23 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады. 17 шілдедегі жағдай бойынша ОСК Respublica, ЖСДП және «Ақ жол» партияларының тізімдерін тіркеді. Қалған партиялардың құжаттары тексеру кезеңінен өтті.
Заң талаптарына сәйкес, партиялық тізімдегі әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар адамдардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы тиіс.
Сайлау науқанына 34,3 млрд теңге бөлінді
Үкімет 2026 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен Құрылтай сайлауын ұйымдастыру мен өткізуге өз резервінен 34,3 млрд теңге бөлді.
Бұл қаражат:
- 10 мыңнан астам сайлау учаскесінің жұмысын қамтамасыз етуге;
- сайлау комиссияларының қызметін қаржыландыруға;
- бюллетеньдерді басып шығаруға;
- 61 мемлекеттегі шетелдік сайлау учаскелерінде дауыс беруді ұйымдастыруға бағытталады.
ОСК түсіндіруінше, республикалық бюджет бір жыл бұрын бекітілгендіктен, ол кезде Құрылтай сайлауы жоспарланбаған. Сондықтан қаржы Үкімет резервінен бөлінген.
Сайлау жарнасын тек екі партия төлейді
Әрбір кандидат үшін сайлау жарнасы 15 ең төменгі жалақыны, яғни қазіргі ЕТЖ мөлшері (85 мың теңге) бойынша 1 275 000 теңгені құрайды.
Жарна төлеу тәртібі 2023 жылғы 19 наурыздағы Мәжіліс сайлауының нәтижесіне байланысты белгіленген:
- 5 пайыз және одан көп дауыс алған партиялар – толық босатылады;
- 3–5 пайыз аралығында дауыс алғандар – жарнаның 50 пайызын төлейді;
- 1–3 пайыз алғандар – 70 пайызын төлейді;
- 1 пайыздан аз дауыс алған немесе сайлауға қатыспаған партиялар – толық көлемде төлейді.
Осыған сәйкес, жарнаны тек «Байтақ» және «Әділет» партиялары төлейді.
Қалған бес партия 2023 жылғы Мәжіліс сайлауында 5 пайыздық межеден өткендіктен бұл төлемнен босатылған. Ал «Әділет» партиясы сайлауға алғаш рет қатысып отырғандықтан, барлық кандидаттары үшін толық көлемде жарна төлейді.
76 халықаралық байқаушы аккредиттелді
17 шілдедегі жағдай бойынша ОСК 76 халықаралық байқаушыны аккредиттеді. Бұған дейін тіркелген 60 байқаушыға тағы 16 адам қосылды.
Олар төрт шетелдік мемлекет пен үш халықаралық ұйымның өкілдері. Олардың қатарында ЕҚЫҰ және ТМД миссияларының байқаушылары, сондай-ақ Швеция, Иордания, Иран және басқа елдердің өкілдері бар.
ОСК мәліметінше, халықаралық байқаушылар саны Сыртқы істер министрлігі арқылы келіп түсетін өтінімдерге қарай толықтырылады.
Алдағы негізгі мерзімдер
- 23 шілде – 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін – сайлауалды үгіт-насихат кезеңі;
- 22 тамыз – тыныштық күні;
- 2 тамыз – сайлаушылар тізімі учаскелерге беріледі;
- 7 тамыздан бастап азаматтар сайлаушылар тізімінен өздерін тексере алады;
- 23 тамыз – дауыс беру күні. Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Дауыс беру құқығына 12,5 миллионнан астам қазақстандық ие.
Құрылтайдың 145 депутаты бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланады. Партиялардың өту шегі – 5 пайыз, депутаттардың өкілеттік мерзімі – 5 жыл.