- Мұқаба
- Жаңалықтар
- Құрылтай сайлауы: Кімдер додаға түседі және үгіт-насихат қалай өтеді?
Құрылтай сайлауы: Кімдер додаға түседі және үгіт-насихат қалай өтеді?
Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну 13 шілдеде аяқталды.
21 Шілде 2026, 13:00
Жеті саяси партия бастапқыда Құрылтай депутаттығына 546 кандидатты ұсынды. 23 шілде күні сағат 18:00-де партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін елімізде бір палаталы Құрылтайға өтетін алғашқы сайлау алдындағы үгіт-насихат кезеңі басталады. Дауыс беру 23 тамызға белгіленген.
Осылайша Қазақстандағы сайлау науқаны шешуші кезеңге аяқ басты. Алдағы бір ай ішінде партиялар өз кандидаттары мен сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, өңірлерде сайлаушылармен кездесулер өткізеді, пікірсайыстар ұйымдастырады, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізеді. Дәл осы кезең партиялардың азаматтардың қолдауы үшін қаншалықты бәсекеге дайын екенін және қандай мәселелерді басты назарға шығаратынын көрсетеді.
Құрылтайдағы орын үшін кімдер таласқа түседі? Партиялық тізімдер қаншалықты жаңарды? Ақпарат тарату мен сайлауалды үгіттің ара-жігі қайда? Партиялар, БАҚ және блогерлер қандай талаптарды сақтауы тиіс? BAQ.KZ тілшісі осы сауалдарға шолу жасады.
Жеті партия 546 кандидатты ұсынды
Құрылтай депутаттығына кандидаттарды ұсыну 13 шілдеде аяқталды. Жеті саяси партия Орталық сайлау комиссиясына жалпы саны 546 адамнан тұратын партиялық тізімдерін тапсырды.
Алайда үміткерлердің түпкілікті саны 23 шілде күні сағат 18:00-де тіркеу рәсімі аяқталғаннан кейін белгілі болады. Мәселен, Respublica партиясының тізімі бір кандидаттың өз еркімен бас тартуына байланысты 76 адамнан 75 адамға қысқарды.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің айтуынша, партиялар ұсынған тізімдердің жаңару деңгейі әртүрлі.
Кейбір партиялардың тізімі айтарлықтай жаңарған, ал кейбірінде бұрын Мәжілісте болған адамдар Құрылтайға қайта үміткер болып отыр. Сондықтан барлық партия бірдей деңгейде жаңарды деуге болмайды, – дейді ол.
Сонымен бірге сарапшы депутаттық құрамның өзгеруі саяси элитаның түбегейлі жаңаруын білдірмейтінін айтады.
Саяси элита үнемі жаңарып отырады. Бірі келеді, бірі кетеді. Сондықтан саяси элитаның жаңаруын тек заң шығарушы орган құрамының ауысуымен байланыстыру дұрыс емес, – деді Ғазиз Әбішев.

Айта кетейік, бастапқы партиялық тізімдер бойынша:
- «Ақ жол» демократиялық партиясы – 63 кандидат;
- «Ауыл» партиясы – 69 кандидат;
- «Әділет» саяси партиясы – 186 кандидат;
- «Байтақ» жасылдар партиясы – 47 кандидат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 33 кандидат;
- Қазақстан халық партиясы – 72 кандидат;
- Respublica партиясы – 76 кандидат ұсынған.
Басты интрига – партиялар арасындағы шынайы бәсеке
Кандидаттардың саны сайлау науқанының ауқымын көрсеткенімен, оның мазмұнын айқындамайды. Партиялардың нақты бәсекеге қаншалықты дайын екені үгіт-насихат басталғаннан кейін белгілі болады.
Ғазиз Әбішевтің пікірінше, қазіргі уақытта нақты қорытынды жасауға әлі ерте.
Әзірге нақты баға беру қиын. Себебі үгіт-насихат кезеңі әлі басталған жоқ. Заңда оның өткізілу тәртібі жан-жақты реттелген. Партиялардың өз әлеуетін қаншалықты көрсете алатыны дәл осы кезеңде белгілі болады, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, сайлаушылар партиялардың бағдарламасын ғана емес, кандидаттар құрамын, саяси ерік-жігерін және Құрылтайдың болашағына қатысты ұстанымдарын да бағалауы тиіс.
Сайлаушылар Құрылтайдың қандай болғанын қалайтынын өзі шешуі керек. Бір басым партиясы бар модель ме, әлде теңгерімді көппартиялы жүйе ме? Сонымен бірге қай партия өз ұстанымын жүйелі түрде қорғай алатынына назар аудару маңызды. Бағдарлама – осы бағалаудың бір ғана бөлігі, – деді саяси шолушы.
Бір айлық үгіт-насихат кезеңі

Партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін, яғни 23 шілде сағат 18:00-ден бастап сайлауалды үгіт-насихат кезеңі ресми түрде басталады. Ол 22 тамыз сағат 00:00-де аяқталады.
22 тамыз – үнсіздік күні. Бұл күні және 23 тамыздағы дауыс беру күні кез келген жаңа үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады.
Бұған дейін ілінген үгіт материалдары дауыс беру учаскелері мен сайлау комиссиялары орналасқан орындардан тыс жерде бұрынғы орнында қала береді.
Интернетте жарияланған материалдарды да өшіру міндетті емес. Алайда оларды қайтадан басты беттерге шығарып, белсенді түрде насихаттауға болмайды.
Ақпарат қай жерде аяқталып, үгіт қай жерден басталады?
Заң бойынша, сайлаушыларды белгілі бір партияға немесе кандидатқа дауыс беруге не қарсы дауыс беруге итермелейтін кез келген әрекет сайлауалды үгіт болып саналады.
Үгіт бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-платформалар, сайлаушылармен кездесулер, пікірсайыстар, митингілер және заңмен рұқсат етілген басқа да іс-шаралар арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын таратуға болады.
Үгіттің негізгі белгілеріне мыналар жатады:
белгілі бір партияны немесе кандидатты қолдауға не оған қарсы дауыс беруге ашық үндеу жасау;
- қандай да бір партияға басымдық беру;
- кандидаттың немесе партияның сайлануы не сайланбауының салдарын сипаттау;
- нақты бір партия немесе кандидат туралы ақпараттың өзгелерге қарағанда айқын басым берілуі.
Сонымен қатар кандидаттың немесе партияның жетістіктерін дәріптеу де үгіт ретінде бағалануы мүмкін. Егер жарияланған материал сайлаушының таңдауына ықпал етіп, пікірін қалыптастыруға немесе өзгертуге әсер етсе, оның таралу форматына қарамастан үгіт материалы болып есептеледі.
Ал кандидаттың өмірбаяны, кәсіби қызметі немесе қоғамдық жұмысы туралы бейтарап ақпарат қолдау немесе сын белгілері болмаса, үгітке жатпайды.
Әлеуметтік желілер – негізгі саяси алаң
Азаматтар, қоғамдық бірлестіктер және әлеуметтік желі қолданушылары қандай да бір партияны қолдайтыны немесе қолдамайтыны туралы өз пікірін тегін білдіруге құқылы.
Алайда ақылы жарнама, тапсырыспен дайындалған материалдар және партияны қолдауға бағытталған өзге де шығындар міндетті түрде партияның сайлау қорынан төленуі тиіс.
Сондай-ақ партияларға үгіт-насихат қызметін көрсететін жеке және заңды тұлғалар олардың жазбаша келісімін алуға міндетті.
Саяси шолушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, бұл сайлау науқанында негізгі күрес әлеуметтік желілерде өтеді.
Қазір ақпараттық күн тәртібін көбіне әлеуметтік желілер қалыптастырады. Өңірлердегі кездесулер мен іс-шаралар цифрлық платформаларда жарияланбаса, кең қоғамдық резонанс туғызбайды. Сондықтан партиялардың сайлауалды науқаны олардың әлеуметтік желілерде өз қызметі мен негізгі идеяларын қаншалықты тиімді көрсете алатынына байланысты болады, – деді сарапшы.
Үгіт кезінде неге тыйым салынады?
Сайлауалды үгіт жүргізуге мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына және қызметтік міндетін атқарып жүрген лауазымды тұлғаларға тыйым салынады.
Сондай-ақ бұл шектеу:
әскери қызметшілерге;
ұлттық қауіпсіздік органдары мен құқық қорғау қызметкерлеріне;
судьяларға;
сайлау комиссияларының мүшелеріне;
діни бірлестіктерге де қатысты.
Үгіт материалдарында адамның бейнесін пайдалану үшін оның жазбаша келісімі қажет. Егер адам қайтыс болған болса, мұндай рұқсатты мұрагерлері береді.
Анонимді үгіт материалдарын таратуға жол берілмейді. Баспа өнімдерінде оны шығарған ұйым, басылған орны, таралымы және тапсырыс беруші туралы мәлімет міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
Сонымен бірге:
конституциялық құрылысты күшпен өзгертуге шақыруға;
елдің аумақтық тұтастығын бұзуға үндейтін материалдарға;
соғысты насихаттауға;
ұлтаралық, діни немесе әлеуметтік араздықты қоздыруға;
қатыгездік пен зорлық-зомбылықты дәріптеуге қатаң тыйым салынады.
Үгіт материалдарын тарихи, мәдени және сәулет ескерткіштеріне, сондай-ақ сайлау комиссиялары мен дауыс беру учаскелеріне орналастыруға болмайды.
Бұдан бөлек, сайлаушыларға ақша, тауар немесе қызметті тегін не жеңілдікпен ұсыну немесе сондай көмек көрсетуге уәде беру заңмен тыйым салынған. Мұндай талаптарды бұзу партиялық тізімнің тіркеуінің күшін жоюға дейін алып келуі мүмкін.
БАҚ үшін қандай талаптар белгіленген?
Бұқаралық ақпарат құралдары сайлау науқанын жариялау кезінде барлық партияға тең мүмкіндік беруге міндетті. Бұл эфир уақытының немесе баспа алаңының көлемі, жарияланымдардың жиілігі мен форматы бойынша тең жағдай жасауды білдіреді.
Ақылы үгіт материалдары партияның жазбаша өтініші, партиялық тізімнің тіркелгенін растайтын құжат және тиісті келісімшарт негізінде ғана жарияланады. Егер редакция бір партияның үгіт материалын орналастыруға келіскен болса, дәл сондай мүмкіндік басқа партияларға да берілуі тиіс. Сондай-ақ партия өкілдерінің бөлінген эфир уақытындағы сөзін бөлуге немесе оған түсініктеме беруге болмайды. Үгіт материалдары жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламалардың редакциялық контентімен араластырылмауы керек.
Әрбір ақылы материалда оның кімнің қаражатына жарияланғаны және қай сайлау қорынан төленгені міндетті түрде көрсетіледі.
Алдағы дауыс беру туралы не белгілі?
Құрылтай депутаттарының сайлауы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 1 шілдедегі Жарлығына сәйкес 23 тамызда өтеді.
Бұл – Қазақстанның бір палаталы заң шығарушы органға көшуінен кейінгі алғашқы сайлау.
Депутаттыққа кандидаттарды республиканың бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша тіркелген саяси партиялар ұсынады.
Құрылтай депутаты болуға үміткер:
Қазақстан Республикасының азаматы болуы;
соңғы он жыл бойы ел аумағында тұрақты тұруы;
жасы 25-тен кем болмауы тиіс.
Сонымен қатар партиялық тізімде әйелдердің, жастардың және мүгедектігі бар азаматтардың жиынтық үлесі кемінде 30 пайыз болуы қажет. Бұл талап депутаттық мандаттарды бөлу кезінде де сақталады.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіліміне 12 561 644 азамат енгізілген.
Елімізде дауыс беру үшін 10 427 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның ішінде 64 шет мемлекетте орналасқан 82 учаске бар.
Азаматтар 7 тамыздан бастап өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексере алады.
Сол күннен бастап есептен шығару куәліктері беріле бастайды. Оларды алу 22 тамыз сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Негізгі тартыс енді басталады
Алдағы бір ай жеті партияның сайлауға жай ғана қатысумен шектеле ме, әлде шынайы саяси бәсекеге түсе ме – соны көрсетеді.
Сайлау қорытындысы кандидаттардың санына немесе үгіт-насихаттың қарқынына ғана емес, партиялардың сайлаушыларға Құрылтайға кімдерді ұсынып отырғанын және олар қандай бастамаларды қорғауға дайын екенін қаншалықты сенімді жеткізе алатынына байланысты болмақ.
Ең оқылған:
- Қазақстандықтарға БЖЗҚ-дағы жинағының 100 пайызын аударуға рұқсат етіледі
- Жаңбыр, бұршақ, найзағай: 17 облыста дауылды ескерту жарияланды
- Алматыда бір ауданды абаттандыруға 2 млрд бөлінген: Ол қалай жұмсалып жатыр?
- ӘЧ саяси ойынға айналды. Трамп футболға араласты. Қазақ комментаторлары сын астында қалды
- Трамп Канада импортына 50 пайыздық баж салығын енгізді
Олжас АДАЙ