Qurultay арнайы мобильдік қосымшасы әзірленеді

16 Маусым 2022, 17:01
1459
Бөлісу:
Qurultay арнайы мобильдік қосымшасы әзірленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлытау өңірінде өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.  

Айтуынша, жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру қажет. 

Құрылтайға қанша адам кірсе де, қоғамды толық қамти алмайды деген пікір айтылып жүр. Бірақ құрылтай мүшелерін көбейте берсек, одан пайда болмайды. Бұдан жұмыстың берекесі қашып, ұйымдастыру ісі қиындап кетуі мүмкін. Құрылтай – белгілі бір адамдар ғана бас қосатын жер емес. Ол, шын мәнінде, жалпыұлттық жиынға айналуы керек. Бұл – өте маңызды міндет, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде. 

Сондай-ақ Президент жаңа цифрлық технологияның мүмкіндігін кеңінен пайдалануымыз қажеттігін басып айтты. 

Сонда мемлекет пен халықтың қарым-қатынасы барынша тиімді болмақ. Мен Qurultay деген арнайы мобильді қосымша әзірлеуді ұсынамын. Сол арқылы халық елді жаңғырту туралы ой-пікірін онлайн режимде айта алады. Жұрт реформаның нақты пайдасын көруі қажет. Сондай-ақ, оған тікелей қатысуға мүмкіндігі болуы керек. Азаматтар өзекті мәселелер бойынша интерактивті сауалнамаға қатысады. Кез-келген түйткілді шешу жолын ұсынып, елімізді жаңғыртуға өз үлесін қоса алады. Қайырымдылық істерді үйлестіретін түсінікті әрі тиімді электронды сервисті іске қосуға болады. Мұның бәрі цифрлық демократияны дамытатын технологиялық платформаның негізін қалайды. Дамыған мемлекеттер осыған ұмтылып жатыр. Біз ғаламдық өркениеттің көшінен қалып қоймауымыз қажет. Ұлттық құрылтайдың электронды нұсқасын жасаған жөн. Сонда әрбір азаматымыз ортақ іске атсалысады, - деді Мемлекет басшысы. 

Өзгелердің жаңалығы