Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай орталығында құрбандықтан қашып кеткен сиыр тұрғындарға қауіп төндірді.
Құрбан айттың соңғы күні қостанайлықтардың есінде мәңгі сақталатын болды. Себебі, түс ауа қала орталығында ойран салған ірі қара көшеде кетіп бара жатқан адамдарға тап беріп, салдарынан үш адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Айдың-күннің аманында Қостанайдың қақ ортасында еріксіз ойран салған өгіздің суреттері мен бейне деректер тарай бастаған болатын. Аталмыш видеоларға қарағанда иесінен қашып шыққан ессіз жануар алдында кездескен адамдарға ұмтылып, аулалардың бірінде кетіп бара жатқан әйелді тапап кеткен.
Қаладағы қаңғыған сиырдың кесірінен ауруханаға бір ер адам жамбас сүйегі сынығымен жеткізілсе, ал әйелдің аяқ-қолына жарақат салды. Сиырдың алынан кездейсоқ шығып қалған зейнеткер шынтақ сүйегін сындырды, - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Пышаққа ілінуде қашып шығып, адамдардан кек қайтаруға көшкен өгізді тоқтату үшін полиция қызметкерлерінің араласуына тура келді.
Полиция жануардың кімге тиесілі екенін анықтап, иесін тапты. Көшеде адамдарға тап берген өгіз қауіпсіз жерге қамалып, иесіне қайтарылды. Көшеге қараусыз жіберген мал иесі де әкімшілік жауапкершілікке тартылады, - деді полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жалпы осыған ұқсас жағдай кеше қаланың «Әуежай» шағын ауданы жағында болған еді. Онда жол бойында қашып жүрген қойды көрген едік.