Бүгін – Құрбан айт мерекесі. Мұхаммед пайғамбар бұл күні Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал құрбан шалу екенін жеткізген. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалудың түпкі мәні неде? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісі дін мамандарынан сұрап көрді.
“Құрбан айт – құр мал шалу мерекесі емес”
Құрбан айт – бұл жай ғана мал шалу мерекесі емес. Бұл – Аллаға мойынсұнудың, шүкіршілік пен ықыластың, адамгершілік пен бауырмалдықтың мейрамы. Бұл мейрам Ибраһим пайғамбардың үлкен сынақпен кездесіп, Алланың бұйрығына көзсіз бағынғандығын еске түсіреді. Ол кісі өз ұлын құрбан етуге дайын болған кезде Алла Тағала оның шынайы ниетін қабыл етіп, ұлының орнына құрбандыққа қошқар жіберген, - дейді медресе ұстазы Еркін Алматұлы.
Ұстаз құрбан шалудың басты мәні осы оқиғада жатқанын айтты.
Бұл оқиға бізге шынайы ықыластың, иман мен тәуекелдің, Алланың разылығын бәрінен жоғары қоюдың үлгісі. Құрбандық – адамның Алла Тағалаға деген шынайы ықыласын білдіретін амал. Біз малды шалып жатқанда, шын мәнінде, Алланың бұйрығына мойынсұнуды, “Уа, Раббым, Сен үшін бәріне дайынмын” деген ішкі күйімізді көрсетеміз, - деді ол.
Еркін Алматұлы бұл туралы Құранда да айтылғанын атады.
“Хаж” сүресінің 37-аятында “Аллаға олардың еті де, қаны да жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың жетеді” деп айтылады. Яғни, Аллаға керегі – біздің шын жүректен шыққан ықыласымыз. Бүгінде біз құрбан шалғанда – малды емес, өзіміздің тәкаппарлығымызды, өзімшілдігімізді, дүниеқоңыздықты “құрбан” етеміз. Яғни, ішкі болмысымызды тазартуға, жүрегімізді жұмсартуға, айналамыздағы адамдармен қарым-қатынасымызды түзетуге тырысуымыз керек, - деді медресе ұстазы.
“Әр қыл үшін бір сауап”
Құрбан айт мерекесіне байланысты баспасөз мәслихатында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы да бүгінгі мейрамның жалаң құрбандық емес екенін түсіндірді.
Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол – ішкі жан-дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Сұлтанмахмұт Торайғыров бабамыз бір сөзінде дін шын ақыл, ғылыммен бірлік етсе ғана шын дін болатынын, құр көңілге сеніп, құлшылық ету дұрыс емес екенін айтқан, - деді ол.
Сондай-ақ Бас мүфти Құрбан айт мерекесінде құрбандық шалудың сауабы қандай болатынын айтты.
Бір сахаба ардақты Пайғамбарымыздан құрбан шалудың сауабы жайлы сұрайды. Сонда Алла Елшісі: “Құрбанның әрбір қылы үшін бір сауап бар”, – деп жауап береді. Сахаба тағы да: “Уа, Алланың Елшісі, шалынған құрбандық мал қой болса, сауабы қандай болады?” деп сұрағанда Пайғамбарымыз: “Оның әрбір тал қылы үшін де бір сауап бар”, – деп жауап қайырған екен, - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ол материалдық мүмкіндігі бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу мұсылмандық міндет екенін атады. Ал құрбандық шалуға шамасы келмеген адамға айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу сауапты іс болатынын түсіндірді.
Құрбан айт тек құрбан шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді, - деді Бас мүфти.