Бұл туралы "Желмая" жобасына берген сұхбатында журналист, әдебиеттанушы, Мәжілістің VI және VII шақырылымының депутаты Сауытбек Әбдірахманов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Осыдан 30 жылдай уақыт бұрын Қазақстан Халқы ассамблеясының депутаттық тобының жетекшісі болған журналист ұлтқа бірігуге қатысты үлкен мәселені қозғады.
Жалпы, Президент бір кездері азаматтық ұлт құру мәселесін қоғамға құлаққағыс қылып айтқаны белгілі. Яғни этникалық шығу тегіне қарамастан біртұтас қазақ атану.
Спикердің пікірінше, бұл ұғым ел азаматтарын біріктіретін политонимге айналуы мүмкін. Мысал ретінде ол Францияны негізге алды.
Француздардың ішіндегі №1 французы Наполеон Бонапарт – ол этностық жағынан француз емес. Оның ұлты Италияға жақын этнос – корсикалық. Мәселен, атақты аңызға айналған футболшы Зидан. Оның шыққан тегі – араб, бірақ ұлты бойынша – француз. Осылайша, Франция халқы ортақ француз ұлтына біріккен, - деп атап өтті Сауытбек Әбдірахманов.
Осылайша, ортақ ұлтқа айналған.
Этнос ретінде олар сириялық екенін, алжирлік екенін, түбі араб екенін біледі, құрметтейді, мақтан тұтады. Бірақ бәрібір олар француз ұлтынанбыз деп бірегейлік танытады. Бізде де қанша уақыт өтетінін кім біледі, қазақ деген этностың төңірегінде ұйысқан қазақстандықтар деген адамға бірте-бірте келеміз. Мысалы, қазірдің өзінде құрамында екі-үш-ақ қазақ хоккейшілері бар Қазақстан құрамасы командасын қазақтар шабуылға шықты деп айтады. Әлемдік жарыстарға қатысқанда шетелдік комментаторлар құрамында екі-ақ қазақ баласы бар Қазақстанның футбол командасын қазақтар деп сөйлейді. Бүкіл әлемде солай. Бірте-бірте осы сана бізде де белең алады, - деді спикер.