Қасым-Жомарт Тоқаев Smart Bilim мектеп-гимназиясын аралап көрді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ақорданың баспасөз қызметінің мәліметінше, Мемлекет басшысы Ақтөбе қаласында жеке инвестициялар есебінен салынған Smart Bilim мектеп-гимназиясына барды.
Президент білім ошағындағы спорт залын, асхананы және шығармашылық ойлау жүйесін дамытуға арналған ArtLab кабинетін аралап көрді.
Сондай-ақ 1-11 сынып оқушыларын негізгі ІТ бағыттар бойынша 3D-модельдеуге баулитын ArtNationkz білім беру жобасымен танысты. Кәсіпкердің жеке қаражатына салынған бұл мектеп-гимназия биыл қыркүйек айында ашылды.
Оның құрылысына 5,7 миллиард теңге жұмсалған. Нысанның аумағы – 122 мың шаршы метр. Бүгінде мектепте 3600 оқушы білім алып жатыр.
Мемлекет басшысы мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, олардың оқуда табысты болуына тілектестік білдірді.