Құнды дүниелер көп, алайда оны зерттеп, зерделейтін маман жоқ – депутат

25 Маусым 2022, 10:44
1826
Бөлісу:
Құнды дүниелер көп, алайда оны зерттеп, зерделейтін маман жоқ – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Депутат Мақпал Тажмағамбетова Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Ғылыми кітапханаға қатысты депутаттық сауал жолдады.

Еліміздегі оң өзгерістердің басы қазақ ғылымына ден қоюдан басталып жатыр. Ғылымға жауапты жаңа министрлік құрылып, ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берілуі - соның айғағы. Дәл осы тұста Қазақстандағы ең ірі кітаптар қоры сақталған, академик Қаныш Сәтбаев ашқан ғылыми кітапхана жайлы айтпай кетуге болмас. 1959 жылы Қаныш Сәтбаевтың арнайы бұйрығымен «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімі ашылып, тарихқа, әдебиетке қатысты құнды қолжазбалар мен көне кітаптар жинастырылды. Академик Ә.Марғұлан бастаған ғылыми экспедициялар ел ішінен әкелген тарихи-мәдени мұралар Қазақстанның рухани қазынасына айналды, - деді депутат.

Бүгінде бұл кітапханада жалпы саны 6 миллион басылым болса, соның ішінде шет тілдердегі қордың саны бір миллионнан асады.

Ғалымдардың айтуынша, дәл мұндай бай кітап қоры бүкіл Орталық Азияда жоқ. Мұнда араб, парсы, шағатай, қытай және басқа тілдегі еңбектер жетерлік. Сондықтан, Орталық ғылыми кітапхана республикалық қана емес, халықаралық деңгейде оқырманға қызмет көрсетуге лайық. Бұл бір. Ал, екіншіден көрші елдердегі дәл осындай кітапханалардың мәртебесі әлдеқайда жоғары. Мысалы, іргеміздегі бауырлас Өзбекстандағы Бируни атындағы Шығыстану институтында қолжазба қорына ерекше жағдай жасалған. Ал Ирандағы 12 қабаттан тұратын Ұлттық архив және кітапхана ел президентіне тікелей бағынады, Үндістанда да солай, - деді ол.

Депутат , біздегі ғылыми кітапхана аса бай әрі құнды кітап қоры бола тұра, бүгінде ғылыми комитеттің бір бөлімшесі ретінде ғана жұмыс істеп тұрғанын айтты.

Ал, біздегі ғылыми кітапхана аса бай әрі құнды кітап қоры бола тұра, бүгінде ғылыми комитеттің бір бөлімшесі ретінде ғана жұмыс істеп тұр. Оған қоса, ғылыми кітапхана тіпті Мәдениет министрлігінің кітапханалар санатына кірмейтіндіктен, мұндағы қызметкерлердің жалақысы өзге мекемелердегі кітапханашы әріптестерінен де төмен. 2 23.06.2022 ЭҚАБЖ МО (7.23.0 нұсқасы) Қазіргі уақытта мұнда 7 бөлім бар. 50 шақты қызметкер жұмыс істейді, бұрын 200 адам қызмет еткен. Сирек қорда құнды дүниелер көп, алайда оны зерттеп, зерделейтін маман жоқ. Бұл бұл ма, баға жетпес құнды кітаптарды сақтау үшін, тіпті соғыс бола қалса, ел шежіресінен, тарихынан айырылмасын деп Қаныштай ойшыл тұлға 5 қабаттан тұратын бомбапана салғызған екен. Бұл жертөле 1998 жылы жекеменшікке сатылып кеткен. Содан бері жынойнаққа айналған. Бүгінде мұнда 2 мейрамхана, 3 түнгі клуб жұмыс істеп тұр. Оның ішінде гей клуб та бар. Мұны аманатқа қиянат демей не дейсіз?, - деді ол.

Депутат бұл мәселеге жіті назар аудары керектігін айтты.

Осы ретте, Үкімет бұл мәселеге баса назар аударып, келесіні шұғыл шараларды іске асыруы қажет деп есептейміз: Бірінші. Ғылыми кітапхана дербес мекеме болуы тиіс. Ғылым және жоғары білім министiрлiгi Ұлттық ғылым академиясы аясында Орталық ғылыми кітапхана мәртебесі қайта берілуі керек. Осыған сәйкес, қызметкерлердің жалақысын қайта қарастырып, халықаралық байланыстарды жиілендіру маңызды; Екінші. Ғылыми кітапханада арнайы реставрация бөлімі және зертхана ашылуы тиіс. Қазақ халқының тарихына қатысты құнды деректер шоғырланған ғылыми кітапхана қорын жан-жақты зерттеу, ғылыми айналымға енгізу ісі арнайы бағдарлама аясында жүргізілуі тиіс. Сарапшылар сирек кездесетін кітаптар мен көне қолжазбалар қорының құнын қайта бағалауы керек. Үшінші. Цифрландыру жұмысы қарқынды жүргізілуі тиіс. Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар бөлімінің ережесі бойынша оқырманға құнды басылымдардың диджитал нұсқасы берілуі керек. Шерхан Мұртаза атамыздың «Заман түзелгенде – ғылымға да, әдебиетке де татымды талап қояды» деген сөзі есіме түсіп отыр. Әйгілі академик Қаныш Сәтбаев бастаған ғалымдар тірнектеп жинаған жәдігерлер өз дәрежесінде қорғалып, зерттеліп, лайықты бағасын алуы керек. Бұл Қазақстан тарихы мен мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды. Осы аталған ұсыныстарды қарап, заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап беруіңізді сұраймыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы