"Құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шықты". Депутат ана мен бала өміріне алаңдаулы

26 Наурыз 2025, 12:11
4561
Бөлісу:
"Құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шықты". Депутат ана мен бала өміріне алаңдаулы
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы ана мен бала өміріне алаңдап, Үкімет басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстанда бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады. Қанша жанталассақ та, жансақтау бөлімінде бәрінің жанын сақтай алмайтынымыз өкінішті, - деп шағымданды депутат.

Ресми дерек, соңғы 6 жылды алғанның өзінде ақпараттың артында қанша қазаның жатқанын тап басып тану қиын емес. 2019 жылы Қазақстанда 3360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3286 сәби, 2021 жылы 3732 бөпе бақилық болған. 2022 жылы 3154 нәресте, 2023 жылы 2998 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2598 бөпені құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шығуға мәжбүр болды ата-анасы.

Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде 2 жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Сорақысы сол, ресми дерекке сүйенсек 5 облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары. Тақырыптың тағы бір қыры ана өлімі. Ресми сандарға қарасаң санаң сан саққа жүгіреді. Соңғы 6 жылда Қазақстанда 563 ана босану үстінде көз жұмған. Сорақысы сол еліміздің 10 облысында ана өлімі көбейген. Ана өлімі ең көп облыстар: Жетісу, Қостанай, Ұлытау мен Ақтөбе облыстары. Мұның бәрі ресми мәлімет, - дейді Нартай Аралбайұлы.

2024 жылдың қорытындысы бойынша көз жұмған аналардың 54%-ы қалада, 46%-ы ауылда тұратыны белгілі болды. Бір қорқынышты тенденция бар, 4 немесе одан да көп баласы бар әйелдер арасында өлім-жітім көбейген, салдарынан 97 бала тірі жетім болып қалды.

Нартай Аралбайұлы атап өткендей, салада проблема жеткілікті, басқасын былай қойғанда Астана қаласындағы перзентханаларда 550 төсек тапшы.

Оған қоса маман жеткіліксіз. Елімізде 4 702 акушер-гинеколог жұмыс істейді, тағы 389 маман керек. Босандыру ұйымдарында тек 1 679 акушер – гинеколог жұмыс істейді, оның 560-ы ғана (35%) ампутация жасай алады. Ал акушерияда операциялық техниканың барлық түрлерін тек 438 дәрігер ғана (21%) орындай алады. Бұл үлкен проблема.

Тағы бір түйткіл, еліміздегі кей перзентханалар халықаралық талаптарға сәйкес келмейді, инфрақұрылымы нашар, ғимарат әбден тозған. Бұдан бөлек, медициналық жабдықтардың тозуы мен медициналық мекемелердің төмен жарақтандырылуы да өзекті мәселе. Мысалы бірнеше орталықта УДЗ, КТГ аппараттары, анестезия аппараттары, ҚСТ анализаторлары, СМАД аппараттары жоқ, - деді Мәжіліс депутаты.

Депутат мынадай ұсыныстар жасады:

  1. Ана мен бала денсаулығына тікелей жауапты перинаталдық орталықтар мен перзентханалардағы дәрігерлердің, санитарлардың, техникалық мамандардың айлығын көтеру керек. Себебі олар жалақысы жақсы деп жеке секторға кетуде.
  2. Өңірлерге мықты дәрігерлерді тарту үшін бір реттік көтермеақы мен арнайы тұрғын үй бағдарламасын іске қосу қажет.
  3. Мықты мамандарды даярлау үшін балалар бейіні бойынша кафедраларды қалпына келтіру керек.
  4. Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдық жерлерде және аудандарда жүктілігі ауыр өтіп жатқан әйелдерді алдын ала емдеуге арналған пансионаттарды дереу салу керек. Себебі алыстағы ауылдан толғақ қысқан ананы орталыққа әкелгенше түрлі жағдай орын алуы мүмкін.
  5. «Патронаждық медбике» лауазымын енгізу қажет.
  6. Перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың, балалар ауруханаларының материалдық-техникалық базасын жаңарту керек.
Өзгелердің жаңалығы