Құмар ойындарына тәуелділік: проблема ашық айтылмайды

8 Қыркүйек 2022, 18:43
3847
Бөлісу:
Құмар ойындарына тәуелділік: проблема ашық айтылмайды

Құмар ойындарының шырмауына түсіп, отбасының шырқын бұзғандар саны көбеюде. Кез-келген тәуелділік – емдеуді қажет ететін теріс құбылыс екенін айтады ересектер мен балаларға медициналық, психотерапевтік, психологиялық көмек көрсету және қолдау орталығының мамандары, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Құмар ойыншыны қалай тануға болады? Бұл бәріне таныс маскүнем не орынсыз мінез-құлқы бар нашақор емес қой. Қан анализі де ойынға тәуелділікті көрсетпейді. Орталықтың негізін қалаушы, психотерапевт Альмира Кәрібаева мұндай сұрақ жиі қойылатынын айтады.

«Жауап біржақты: «бірден тану мүмкін емес». Әсіресе тәуелділіктің алғашқы кезеңдерінде анықтау қиынға соғады. Тек ойыншының әрекеттерінің салдары: қарыздар, ұрлық, өтірік бойынша ғана анықталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құмар ойындарына тәуелділік психикалық дерт екенін бұрыннан ресми түрде мойындады. Ол аурулар мен денсаулыққа байланысты проблемалардың халықаралық статистикалық жіктемесіне қосылды. Бүгінгі таңда әлемдік тәжірибе құмар ойындардың нашақорлық, токсикомания және алкоголизммен қатар эмоционалды тәуелділік екенін растайды», - дейді психотерапевт.

Ол атап өткендей, АҚШ-тың құмар ойындары проблемалары бойынша ұлттық қауымдастығының зерттеулері әлемдегі кез-келген тұрғынның 6% қылмыстық құқық бұзушы, 34% маскүнемдік, 32% нашақор және 48% құмар ойыншы болу мүмкіндігі бар екенін көрсетті. 

«Сарапшылардың пікірінше, ойынға тәуелділік героинге қарағанда күшті. Қанша қазақстандық қазірдің өзінде «құмар ойындарға патологиялық тәуелділікті» бастан кешуде? Дөп басып айту қиын. ДДҰ-ның бағалауы бойынша, әлемде 350 миллион адам құмар ойындарынан зардап шегеді. Канадада 15 жастан асқан жасөспірімдердің 2%-ы, Жапонияда азаматтардың 3,6% - ы құмар ойындарға тәуелді», - деп түсіндірді психотерапевт.

Жақында ҚР Премьер-министрінің орынбасарының «құмар ойындарға қарсы күрес бойынша кешенді шаралар қабылдау туралы» депутаттық сауалында мынадай деректер келтіріледі: «Құмар ойындарына тәуелді 350 мыңға жуық қазақстандықтың көпшілігі – жасөспірімдер. Елімізде бір ойыншының орташа қарызы шамамен 10 млн теңгені құрайды. Қазақстанда он жұптың жетеуі құмар ойындарға байланысты ажырасады, қылмыс пен суицид жағдайлары жиілеген. Бұл ретте заңнамада осы қызметтерді жарнамалауға тікелей тыйым жоқ».

«Қазақстандық отбасылардың көпшілігі осы проблемаға тап болып отыр. Бірақ біздің менталитетімізге байланысты бұл проблемалар ашық айтылмайды. Батыста әйгілі актриса бүкіл әлемге «Мен алкоголизмді, нашақорлықты жеңдім!» деп жар сала алады. ҚР Ұлттық ұланы қолбасшылығымен ұйымдастырылған әскери қызметшілер арасындағы суицид мәселелері бойынша дөңгелек үстел отырысында мынадай мәліметтер келтірілді. Іріктеу әдісімен шекара әскерлерінің едәуір бөлігі детекторда зерттелген. Тестіленген 200 адамның 120-ында ойынға тәуелділік анықталды. Ал ата-аналар балаларының проблемалары бар екенін біле-тұра: «Әскерде түзеледі» деп үміттенеді», - дейді Альмира Кәрібаева.

Қазақстанда нағыз патологиялық лудоманияға шалдыққан «ойыншылар» көп пе деген сұраққа дәрігерлер нақты жауап беруге дайын емес. Статистика жабық, дегенмен дәрігерлерге олардың шамамен саны белгілі екенін айтады психиатр Лейла Итегулова.

Қалай болғанда да, құмар ойындар мәселесі өзекті бола түсуде. Балалық шақта пайда болатын гаджеттерге тәуелділік, бастапқыда зиянсыз болып көрінетін компьютерлік ойындар лудоманияның алғышарты бола алады.

Әлем әдебиетіне үңілсек, А.Пушкиннің, Ф.Достоевскийдің құмар ойындарға тәуелділігі отбасылық, жеке трагедияға айналғанын аңғарамыз. Қарызы үшін қаншама дворян өзін-өзі атып өлтірді. 19 ғасырдың басында рулеткалар мен ойын автоматтары пайда болғаны тарихтан белгілі. Бірақ мұның бәрі әлеуметтік проблема ретінде емес, жеке трагедия ретінде қарастырылды.

«Щучинск қаласынан төрт баласы бар ерлі-зайыптылар қабылдауға келді. Отағасы вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ол тапқан табысының көп бөлігін құмар ойындарына шашқан. Қарызы алты млн теңгеге жеткен. Бұл отбасы үшін үлкен сома. Адам өзінің тәуелділігін түсінеді, сондай-ақ оны өз бетімен жеңе де алмайды. Оңалту орталығында емделу – ұзақ әрі қымбат, айына – 350 мың теңге, толық курс – бес ай. Жақында үш баланың анасы психотерапиялық көмекке жүгінді. Отбасындағы табыс көзі - шағын дүкен. Күйеуі түнімен смартфонда ойнайды. Күндіз ұйықтайды. Бала тәрбиесі, үй тірлігімен мүлдем айналыспайды. Әйел үмітсіздіктен депрессияға ұшыраған», - дейді Альмира Кәрібаева.

Неліктен бір отбасында тәрбиеленген, бір ортада өмір сүретін балалар әртүрлі болып өседі деген сұраққа нақты жауап та жоқ. 

«Жасырары жоқ, мемлекеттік наркологиялық орталықта алғаш жұмыс істеген кезде, мұндағы пациенттер қоғамның осал топтарынан шыққан адамдар деп ойлайтынмын. Тәжірибе барысында отбасының материалдық байлығы, ата-анасының әлеуметтік мәртебесі, тәуелді адамның білім деңгейі еш рөл атқармайтындығына көзім жетті. Пациенттердің дені жоғары білімі бар, бірнеше тіл білетін, беделді мамандықтары, өз бизнесі бар және соған қарамастан тәуелділігін мойындаған және мамандардың көмегінсіз одан құтылуды білмейтін адамдар», - дейді психотерапевт.

Орталықты құрушылардың бірі Дмитрий Гармаш есірткімен жиырма жылға жуық уақыт есірткі тәуелділігінен құтыла алмағанын айтады. 

«Анам ағам екеуімізді жалғыз өсірді. Біз Текеліде тұрдық. 90-шы жылдары нашақорлық, бандиттік топтар қалыпты жағдай болды. Анашаны 15 жасымнан, героинді 17 жасымнан қолдандым. Мен бұл тәуелділіктен құтыла алдым. Отбасым мен үшін ұзақ күресті. Бірде анам: «Мен сені көргім келмейді. Саған соңғы мүмкіндік береміз» деді. Алматыға емделуге жіберді. Бірақ бұл алғашқы әрекет емес еді. Мен ол жерден қашан шығатынымды және есірткіге қайта бас қоятынымды білдім. 37 жаста едім. Мені 12 сатылы бағдарлама құтқарды. Өзгелер сияқты өмір сүргім келді. Сегіз жылдан бері есірткі қолданған емеспін», - деп бөлісті ол.

Әзірге әлемнің бірде-бір елінде бұл проблеманы жою мүмкін болмай тұр.

«Елде атқарылып жатқан жұмыстар профилактикалық сипатқа ғана ие. Егер проблема туындаса тек кәсіби мамандарға жүгінуге кеңес беремін. Психотерапиялық бағдарламадағы емдеу әдісі бойынша пациентер қайтадан өмір сүруге икемделеді. Егер адам емдеудің толық курсынан өткен болса, онда қайталанулар 10%-дан аспайды. Бұл тек адам ұсыныстарды орындауды тоқтатқан жағдайда ғана орын алады. Әрбір қадамды ғана емес, тәуелділіктен арылуға тырысатын адамға қалған өмірін де талдауға тура келеді. Әйтпесе, тәуелділіктен құтылу мүмкін емес. Ең бастысы, айналаңыздан көмек сұраудан тартынбау», – деп түйіндеді Альмира Кәрібаева.

Өзгелердің жаңалығы