Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. СҚО әкімі Құмар Ақсақалов Ауыл шаруашылығының алқа мәжілісінде аграрлық саланың ғана емес, ауылдардың дамуы да талқыланғанын атап өтті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бұл сұрақтар өзара байланысты. Ең өзекті мәселелердің бірі – қорытынды жиналыстарды өткізу бойынша шаруалардың жауапкершілігін нығайту. Бұл механизмді заңдық тұрғыда жетілдіріп, бекіту қажет. Бұрынғы үлескерлердің барлығы ЖШС-нің құрылтайшылары болып табылады. «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңның 44-бабына сәйкес негізгі құрылтайшы жылдық қаржылық есептілікті бекітуге арналған жиналыс өткізуі тиіс - деді ол.
Сонымен қатар ол, Заң нормасы бар, бірақ ол жұмыс істемейтінін айтты.
Агроқұрылымдар заң талаптарын орындамай, жиналыстарды формалды түрде өткізуде. Негізгі құрылтайшы бір жылдағы жұмысы туралы есеп беруі керек. Серіктестіктің бір жылда қандай нәтиже көрсеткенін халық білуі керек. Қанша табыс түсті, қайда кетті. Сондай-ақ осындай жиындарда ауылды көркейту мәселелері талқылануы тиіс. Олар: үйлерге су тарту, мұқтаж жандарға көмек көрсету, жастардың бос уақытын өткізу, ауылдағы тазалық пен тәртіп, бау-бақша жырту, т.б. - деді ол.
Әкім кездесулер формалды түрде өткендіктен, қатысушыларды хабардар етуде олқылықтар бар екенін атап өтті.
Алдағы есеп туралы жеке хабарлап, қол қою керек. Бұл механизмді де жетілдіру қажет. Жалпы, бұл саладағы талаптарды қатайту қажет. Осы норманы орындамаған немқұрайлы шаруалар жауапқа тартылған жөн. Заңнаманы жетілдіруге қатысты тиісті ұсыныстар жоғары тұрған мемлекеттік органдарға жолданады - деді Құмар Ақсақалов.