Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Құлсарыдағы балтамен шабуыл оқиғасы: Оқушының анасы буллинг туралы шындықты айтты

Бөлісу:
 видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

Атырау облысындағы Құлсары қаласында жоғары сынып оқушысының құрдастарына балтамен шабуыл жасауы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Оқушының анасы Мәншүк Жиембетова ұлының балтаны себепсіз қолға алмағанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әйелдің айтуынша, сол күні оның ұлын басқа сыныптың төрт оқушысы сабақтан шақырып алған. Мектептің әжетханасында бұрыннан жалғасып келе жатқан буллинг орын алған.

Әжетханадан шыққан жасөспірім бір жерден балта тауып алып, кейін тергеу нысанына айналған оқиға орын алған. Яғни 5 ақпан күні «102» арнасына Құлсары қаласында 10-сынып оқушысының қатарластарымен болған жанжалдан кейін оларға шабуыл жасап, мектеп аумағынан бой тасалағаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл дене жарақатын алған.

Анасының сөзінше, ұлы өткен күзден бастап қатарластарының қысымына байланысты өзін басқа мектепке ауыстыруды бірнеше рет сұраған. Алайда ата-анасы оны соңғы оқу жылын осы мектепте аяқтауға көндірген. Отбасы әзірге басқа оқушыларға қатысты арыз жазбаған және татуласуға үміттеніп отыр.

Айта кетерлігі, №6 мектептің маңында ата-аналардың бастамасымен жиналыс өтті. Олар мектеп директорының қызметіне қайта оралуын талап етіп, оның жұмыстан кетуін әділетсіз шешім деп бағалады.

Бұған дейін білім басқармасы қызметтік тексеріс нәтижесінде директорға қатаң сөгіс жарияланғанын, содан кейін оның өз еркімен жұмыстан кеткенін хабарлаған еді.

Қазіргі таңда сотта бір отырыс өтіп, жасөспірімге қатысты бұлтартпау шарасы өзгертілді. Ол үйқамаққа алынып, мектепке барып сабаққа қатысуға рұқсат берілді.

Жақын күндері Құлсарыға Оқу-ағарту министрлігінің арнайы комиссиясы келуі күтілуде. Комиссия тек осы мектепті ғана емес, өңірдегі басқа да білім беру ұйымдарын оқушыларды буллингтен қорғау мәселесі бойынша тексермек.

Өзгелердің жаңалығы