Атырау облысында мүлікті бағалауға 2733 өтініш келіп түсті, 762 нысанға техникалық тексеру жүргізілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағалиев айтты.
Алдын ала есептеулер бойынша су басқан үйлердің саны 286 нысанды құрайды. 2 мамырдағы жағдай бойынша 2634 үйден су толық кетті. Мүлікті бағалауға 2733 өтініш келіп түсті. Қазіргі уақытта 762 нысанда техникалық тексеру жүргізілді. Қалпына келтіру жұмыстары кезінде 776 тұрғын үй мен 6 көпқабатты үйде, сондай-ақ 48 әкімшілік ғимарат пен кәсіпкерлік нысанда дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді, – деді Руслан Жұмағазиев.
Қазгидрометтің хабарлауынша, 2 мамырдағы жағдай бойынша Индербор ауылында Жайық өзенінің гидробекетінде сағат 16.00 су деңгейі 762 см құраған, сыни көрсеткіш - 845 см-ге тең, 4 сағат ішінде су деңгейі 6 см-ге артқан. Махамбет ауылында қауіпті су деңгейі 850 см, қазір - 801 см, өсім - 3 см. Атырау қаласы бойынша қауіпті деңгей 550 см, қазіргі көрсеткіш - 463 см, өсу - 4 см.
Бүгінгі таңда Атырау қаласы бойынша жағалауда жоспарланған 250 км жердің 246 км нығайту бөгеттері салынды. Сондай-ақ, Каспий теңізінің сағасында суды теңізге жедел ағызу үшін су түбін тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр, - деп атап өтті спикер.