Бұл туралы Мәжілісте адам саудасы туралы заң жобасын бірінші оқылымда таныстырғанда белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін ІІМ басшысы Ержан Саденов адам саудасына қарсы заң жобасын таныстырған болатын. Сөзінше, осы заңға екі ілеспе заң жобасы әзірленіп отыр.
Біріншісі – “Бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы”. Оның ішінде Қылмыстық кодекске “адам саудасымен байланысты қылмыстар” ұғымы енгізіледі, жасау тәсілдері бойынша “адамды қанау” ұғымы кеңейтіледі және Қылмыстық кодекстің 309-бабының 2-бөлігі, яғни “притон ұстау және жеңгетайлықты” “интернет желісі арқылы” жасау деген жаңа саралау белгісі көзделді, - деді министр.
Саденовтің айтуынша, бұл қылмыс ауыр санатқа жатқызылады.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің әлеуметтік арнаулы қызметтер алуға құқығы көзделді. Бұл ретте, оларды осы құқықтары туралы хабардар ету бойынша тергеушілерге міндеттер жүктелді.
Бұдан басқа, “Неке және отбасы туралы” кодексте лауазымды адамдарға балалар қалдырылған жағдайда олар бұл туралы прокуратураға хабарлау міндеті бекітілді.
Атап айтқанда, балалар үйлері және басқа да ұйымдарды қамтиды.
“Жәбірленішулерге өтемақы қоры туралы” заңға қосымша үш қылмыс түрі, яғни:
- қанау мақсатында ұрлау,
- бас бостандығынан заңсыз айыру,
- жезөкшелікпен айналысуға тарту қылмыстары бойынша құрбандарға өтемақы төлеу мүмкіндігі енгізілді.
Екіншісі – “Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу туралы”. Бұл жерде – балаларды өздеріне қалдырғаны туралы хабарламағаны үшін медициналық ұйымдардың, приюттердің, балалар үйінің қызметкерлеріне қатысты жауапкершілік көзделіп отыр, - деп айтты ІІМ басшысы Мәжілісте.