Солтүстік Қазақстанда "Құлагер" хоккей командасының басшысы Сергей Филь алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Тергеу дерегінше, ол шетелдік хоккейшілерден құжат рәсімдеу үшін ақша жинаған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әңгіме "Құлагер" хоккей командасының басшысы Сергей Филь туралы болып отыр. Ол қыркүйек айының соңында шетелдік хоккейшілерден Қазақстан азаматтығын рәсімдеу үшін ақша жинағаны жөнінде хабар тарағаннан кейін із-түзсіз жоғалған еді.
СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің "Алаяқтық" бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
Қылмыстық істің өзге мән-жайлары ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.