Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы саудада тауар айналымы 53 пайызға өсіп, 18,2 млрд АҚШ долларына жетті.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.
Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 1,5 пайызға жетті. Тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 0,6 пайыз болды. Инвестициялар құрылыс саласында – 2,2 есеге, білім беруде – 2,2 есеге, мемлекеттік басқару; әлеуметтік қамсыздандыруда – 78,5 пайызға өсті, - деп мәлімдеді Әлібек Қуантыров.
Қуантыровтың айтуынша, өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола және Павлодар облыстарында байқалып отыр.
Осы жылдың қаңтар-ақпанында сыртқы сауда тауар айналымы 52,5 пайызға өсіп, 18,2 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 71,4 пайызға өсіп, 12,1 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 46,6 пайызға артып, 3,5 млрд АҚШ долларына дейін жетті. Тауарлар импорты 6,1 млрд долларға жетті, - деді Ұлттық экономика министрі.