Мемлекет басшысы салық саясатының жаңа моделінің қажет екеніне назар аударды. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушы Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қуантыров Мемлекет басшысы сегізінші сайланған Парламенттің алғашқы сессиясының ашылуы барысында сөйлеген сөзінде жан-жақты жаңғырту жұмысы бойынша нақты міндеттер қойғанын айтты.
Оның мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында 8 бағыт бойынша 32 шарадан тұратын Іс-шаралар жоспары Президент Әкімшілігінде келісілуде.
Министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, соның ішінде орта кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі кешенді жоспар әзірлейді, – деді ведомства басшысы.
Министр оның негізгі бағыттарын атап өтті:
− шағын және орта кәсіпкерлікті қаржылық, қаржылық емес түрде қолдау шараларын ұсыну;
− өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру, дамытудағы кедергілерді жою;
− мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату;
− шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру көздерін кеңейту.