Қуантыров инфляцияны төмендетуге бағытталған жүйелі шаралар туралы айтты 

18 Қаңтар 2022, 09:46
1034
Бөлісу:
Қуантыров инфляцияны төмендетуге бағытталған жүйелі шаралар туралы айтты 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров  Үкімет отырысында айтты.

2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет келесі шараларды қабылдады: коммуналдық қызметтер тарифтерінің артуы тоқтатылды, Қазақстан аумағынан кейбір тауарларды әкетуге тыйым салынды, жанар-жағармай материалдарына шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін 6 ай мерзімге әкетуге тыйым салынды, - деді ол.

Қуантыров атағандай, Мемлекет басшысының тапсырмаларын әрі қарай орындау аясында тауарлардың физикалық қолжетімділігін жақсарту, бағалық реттеу, мемлекеттік бақылау шараларын енгізу бойынша бірқатар шараларды, сондай-ақ де инфляцияны төмендету бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыру ұсынылады.

Бірінші бағыт бойынша шаралар көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтуды, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдіруді, бірқатар салаларда импорт алмастыратын жобаларды іске асыруды және басқа да іс-шараларды қамтиды.Екінші бағыт шеңберіндегі шаралар энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмірге бағалық реттеуді енгізуді, коммуналдық қызметтерге бағаларды арттыруға мораторий енгізуді, шекті бағалардың болжамды дәлізін айқындауды қамтиды, - деді Қуантыров.

Министр атағандай, үшінші бағыт аясындағы шаралар белгілі бір нарықтардағы бағалар мониторингінің нәтижелері бойынша монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдауды, мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы делдалдық буынды қысқартуды және биржалық сауданы дамытуды қамтиды.

Жүйелі шаралар аясында тұтыну қоржынына кіретін ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерін және басқа да азық-түлік тауарларын тұтынудың/өндірудің болжамды теңгерімін құру, мониторинг нәтижелері бойынша жедел ден қою шараларын қабылдау жоспарлануда.Қабылданған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде тауарлар дефицитін болдырмай отырып, инфляцияны және оның компоненттерін мақсатты дәрежеде ұстап қалу күтіліп отыр, - деді министр.

Қуантыров атағандай, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесі қайта қаралатын болады.

Мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізудің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мақсатында оларды алушылардың қарсы міндеттемелерін белгілей отырып, агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау жүйесі қайта қаралатын болады.Қабылданып жатқан шаралар бағаны біртіндеп тұрақтандыруға және бизнес ахуалды, оның ішінде инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы