«ҚСЗИ GPS» сарапшылары аралас сайлау жүйесін талқылады

10 Ақпан 2023, 19:44
1511
Бөлісу:
«ҚСЗИ GPS» сарапшылары аралас сайлау жүйесін талқылады
Фото: Хабар24

Алматыда «ҚСЗИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» алаңында сарапшылар қауымдастығы аралас сайлау жүйесінің негізгі артықшылықтары мен мүмкіндіктерін талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Белгілі саясаттанушылар, Қазақстанның жоғары оқу орындары мен академиялық ортаның өкілдері, сондай-ақ Қырғыз Республикасының Президенті жанындағы Ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының сарапшылары аралас сайлау жүйесі тәжірибесіне қатыстысараптамалық пікірлерімен бөлісті.

Философия, саясаттану және дінтану институтының Саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әміребаев бір мандатты сайлау округтері балама көзқарастарды қарастыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Өзіне тән міндеттер мен функцияларды лайықты атқара алатын тиімді Парламентті қалай құруға болатыны бізді толғандырады. Бір мандатты сайлау округтері балама көзқарастарды білдіруге мүмкіндік береді деп ойлаймын, – деді Айдар Әміребаев.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Насимова партиялар мен кандидаттар жастармен жиі кездесіп тұруы керек деп есептейді.

Қазіргі жастардың көзі ашық, көкірегі ояу. Олар сайлауалды бағдарламаларды таразылап, талдай алады. Партиялар мен кандидаттар тек белсенді жастармен ғана емес, еліміздің барлық жастарымен байланыста болуы керек. Қазіргі жастар, әсіресе студенттер, манипуляция мен фейктерді ажырата алады. Жастардың мотивациясын түсіну үшін олармен жиі кездесіп, тілдесу қажет, – деді Гүлнар Насимова.

Ал «Стратегия» ӘСЗО» ҚҚ жобалар үйлестірушісі Ольга Симакова халық кандидаттармен және олардың бағдарламаларымен әлі таныс емес екенін айтып, сондықтан сайлаушыларды жаңаша тәрбиелеу керек деп есептейді. 

Талқылау қорытындысы бойынша сарапшылар Қазақстандағы сайлау жүйесін реформалауға оң баға берді. Сондай-ақ талқылауға қатысқан мамандар Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жаңа шақырылымында пікірлер плюрализмін қамтамасыз етудің әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, сайлау үдерісіне мажоритарлық жүйені қайтару мемлекеттік саясаттың өрісін кеңейтеді. Сонымен қатар спикерлер алдағы сайлау және одан кейінгі саяси жүйенің жұмыс істеуі сапалы сараптамалық-талдауды қажет ететініне бірауыздан келісті.

Өзгелердің жаңалығы