Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Литва Республикасының Каунас қаласында академиялық қауымдастық көшбасшыларының халықаралық "QS in conversation. Халықаралық ынтымақтастық арқылы танымалдылықты арттыру: ұтқырлық, тану, брендинг" атты халықаралық саммиті өтуде.
Оны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Витаутас Магнус (Литва, Каунас қ.) университеті және QS Quacquarelli Symonds халықаралық компаниясы бірлесіп ұйымдастырып отыр. Саммитке Қазақстан, Ресей, АҚШ, Литва, Латвия, Ұлыбритания, Жапония, Корея, Түркия, Әзербайжан, Эстония, Эфиопия, Польша, Украина, Өзбекстан сияқты елдердің өкілдері қатысуда.
Саммитте жоғары білім саласындағы жаһандық міндеттер, әлемдік қауымдастықты нығайтудағы университеттердің рөлін анықтау, халықаралық жоғары білім беру жүйесіндегі трендтер жан-жақты талқыланды.
Халықаралық жиын барысында Quacquarelli Symonds британдық консалтинг компаниясының өңірлік директоры Зоя Зайцева, британдық "The Guardian" газетінің редакторы Рейчел Холл, белгілі журналист Стивен Хоар, Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, Витаутас Магнус университетінің ректоры Юозас Аугутис, Сколков ғылым және технологиялар институтының факультет деканы Клемент Фортин және басқалар сөз алып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Саммит соңында "QS EECA University Rankings 2019 - Дамушы Еуропа мен Орталық Азия университеттерінің QS 2019" рейтингісінің нәтижелері жарияланады деп күтілуде.
Сондай-ақ, осы шара аясында ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовтың төрағалық етуімен Қазақстанның жоғары оқу орындары ректорлары кеңесінің отырысы өтіп, онда Литва университеттерімен ынтымақтастық мәселелері де пысықталмақ.