- Мұқаба
- Жаңалықтар
- QR төлемдерге ҚҚС салынбай ма: Бұл кәсіпкерлерге қалай әсер етеді? – экономист пікірі
QR төлемдерге ҚҚС салынбай ма: Бұл кәсіпкерлерге қалай әсер етеді? – экономист пікірі
QR төлемдер ҚҚС-тан босатылса, кәсіпкерлердің шығыны азая ма? Экономист өзгерістің бизнеске және тауар бағасына әсерін түсіндірді.
25 Қыркүйек 2026, 16:00
Қазақстанда QR арқылы төлем қабылдауға көрсетілетін қызметтерді қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату ұсынылып отыр. Бұл бастама қолма-қол ақшасыз төлемдердің түрлі тәсілдеріне бірдей салықтық жағдай қалыптастыруды көздейді. Жаңа тәртіп кәсіпкерлерге қалай әсер етеді, ал тұтынушылар үшін тауар мен қызмет бағасы арзандай ма? BAQ.KZ тілшісі бұл туралы экономист Андрей Чеботаревпен тілдесті.
Қыркүйек айында Салық кодексін іске асыру жөніндегі Жобалық кеңсенің отырысында қаржы саласын реттеуші органдар осындай ұсыныс айтты. Атап айтқанда, банк картасымен жасалатын операцияларға берілген ҚҚС жеңілдігін QR төлемдеріне, телефон нөмірі арқылы ақша аударуға, электронды ақшаға және цифрлық теңгеге қатысты қызметтерге де қолдану ұсынылды.
Әзірге бұл – ұсыныс қана. Қандай операциялар ҚҚС-тан босатылатыны және жаңа талаптардың нақты тәртібі салық заңнамасына енгізілетін өзгерістермен айқындалады.
Бұл мәселе Қазақстанда Бірыңғай QR жүйесінің іске қосылуына байланысты өзекті болып отыр. 2026 жылғы 19 шілдеден бастап ел бойынша банкаралық QR төлемдері қолжетімді болды. Енді сатып алушы сатушының қай банкте есепшоты бар екеніне қарамастан, өз бангінің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасай алады.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жаленов бұған дейін бұл өзгерістің мақсаты – қолма-қол ақшасыз төлемдердің әртүрлі түрлеріне қойылатын талаптарды теңестіру екенін айтқан.
Қолданыстағы Салық кодексінде картамен жасалатын төлемдер сияқты қолма-қол ақшасыз есеп айырысудың кейбір түрлері ҚҚС-тан босатылған. Ал қазір біз ұлттық төлем жүйеміз – Бірыңғай QR-ды белсенді дамытып жатырмыз. Сондықтан салықтық талаптарды теңестіріп, түсініксіздікті жойып, есеп жүргізуді жеңілдетуді ұсындық. Бұл бастама тұжырымдамалық тұрғыда қолдау тапты, – деді ол.
Кәсіпкердің шығыны азая ма?
Экономист Андрей Чеботаревтің айтуынша, мұнда кәсіпкердің тауар немесе қызмет үшін төлейтін ҚҚС-ы туралы сөз болып отырған жоқ. Мәселе – клиенттен төлем қабылдау және осы қызметке көрсетілетін қызмет үшін алынатын ақы құрамындағы ҚҚС туралы. Бұл шығынды кәсіпкердің өзі көтереді.
Сарапшының пікірінше, өзгерістің әсері әсіресе оңайлатылған салық режимінде жұмыс істейтін шағын бизнеске сезілуі мүмкін.
Бұл өзгерістен ең алдымен оңайлатылған режимдегі шағын бизнес ұтуы мүмкін. Ірі компаниялар төленген кіріс ҚҚС-ын есепке жатқыза алады. Ал шағын кәсіпкерлерде мұндай мүмкіндік жоқ. Соның салдарынан ақшасы аз бизнес өкілдері шығынды салыстырмалы түрде көбірек көтеріп келді, – деп түсіндірді экономист.
Яғни QR төлемдерді қабылдау қызметін ҚҚС-тан босату кәсіпкерлердің қолма-қол ақшасыз төлемдерге жұмсайтын шығынын азайтуы ықтимал.
Баға арзандай ма?
Алайда бұл өзгеріс енгізілсе, дүкендердегі тауарлар мен қызметтердің бағасы бірден төмендейді деп айтуға болмайды.
Чеботаревтің сөзінше, оның тұтынушыға әсері тікелей емес, жанама болуы мүмкін.
Сатып алушылар үшін бағаның бірден төмендеуін күтудің қажеті жоқ. Бірақ жанама әсері болады. Қазір кейбір кәсіпкерлер қолма-қол ақшаға төлеген клиентке жеңілдік жасайды. Себебі қолма-қол ақшасыз төлем үшін алынатын комиссия олардың табысына әсер етеді. Бұл шығын азайса, кәсіпкердің қолма-қол төлемді артық көруіне себеп те азаяды, – деді ол.
Демек кәсіпкердің төлем қабылдауға жұмсайтын шығыны қысқарғанымен, бұл тауар бағасы міндетті түрде арзандайды дегенді білдірмейді. Бірақ қолма-қол және қолма-қол ақшасыз төлем арасындағы шығын айырмасы азаюы мүмкін.
QR төлемдерді қабылдайтын кәсіпкерлер көбейе ме?
Экономистің пікірінше, QR төлемдерге қатысты шығындардың азаюы бұл тәсілді кәсіпкерлер үшін тиімдірек етуі мүмкін. Дегенмен бизнестің төлемнің осы түрін қабылдауына ең алдымен тұтынушының сұранысы әсер етеді.
Комиссияның төмендеуі кәсіпкер үшін бір кедергіні жояды. Бірақ негізгі себеп – клиенттің QR арқылы төлем жасағысы келуі. Ал Қазақстанда мұндай сұраныс қазірдің өзінде жоғары, – деді Андрей Чеботарев.
Осылайша, ұсынылып отырған өзгерістің негізгі мақсаты – қолма-қол ақшасыз төлемдердің әртүрлі түріне қойылатын салық талаптарын біріздендіру. Егер ұсыныс заңнамада бекітілсе, кәсіпкерлердің QR төлемдерді қабылдауға жұмсайтын шығыны азаюы мүмкін. Ал бұл өзгерістің тауар бағасына әсері тікелей емес, жанама сипатта болады.
Ең оқылған:
- Астанада зейнеткерлерге 10 000 теңгеден берілетін болды
- «Екеуі де сағатқа таласып, жалақы үшін жұмыс істеп жүр»: Педагог ауыл мен қала мұғалімдерін салыстырды
- Зейнетақы мен жәрдемақының 70%-ына қатысты тәртіп өзгеруі мүмкін
- Дәрігерге жазылу: Емханаларға жаңа талап қойылды
- 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды
Жанерке Жәкен