ҚР СІМ басшысы мен ЕҚЫҰ ПА Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Пиа Каума ұйымның әлеуетін нығайту туралы әңгімелесті

27 Сәуір 2022, 08:50
1171
Бөлісу:
ҚР СІМ басшысы мен ЕҚЫҰ ПА Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Пиа Каума ұйымның әлеуетін нығайту туралы әңгімелесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кездесуде Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді және ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясы Төрайымының орынбасары, Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі Пиа Каума ортақ ұйымымыздың әлеуетін одан әрі нығайтудың маңыздылығын  атап өтті.

Кездесу барысында Министр сұхбаттасты қазіргі уақытта әлемде орын алып жатқан геосаяси ахуал жағдайындағы ҚР сыртқы саясатының негізгі бағыттарымен қысқаша таныстырып өтіп, еліміздің көпвекторлы бағытты ұстанатынын, халықаралық ұйымдардың көпжақтылық қағидаттары мен әлеуетін қолдау мен нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды баяндап келе, М. Тілеуберді мемлекеттік дамудың ұлттық тәжірибесін ескере отырып, демократияландыруды теңгерімді және дәйекті түрде жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Жаңа Қазақстан мен Екінші республиканы құрудың аса маңызды негізі болатын, Ата Заңымыздағы баптардың үштен бір бөлігіне түзетулер енгізуді көздейтін ҚР Конституциясына ұсынылған өзгертулердің тарихи маңыздылығы ерекше атап өтілді.

Өз кезегінде, П. Каума өзінің Қазақстанға сапары шеңберінде өткізген кездесулерінің қорытындыларымен бөлісті. Атап айтқанда, ол Парламенттің қос палатасының, ҚР басқа да бірқатар мемлекеттік органдарының басшылығымен, сондай-ақ азаматтық қоғам өкілдерімен кездескен болатын.

ЕҚЫҰ ПА делегациясының басшысы Қазақстандағы саяси және экономикалық реформалардың күн тәртібіне және адам құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге қолдау білдірді.

Сондай-ақ ЕҚЫҰ ПА-ның жаңа геосаяси жағдайда саяси диалог құрудағы рөлі, Орталық Азия мен өңірдегі мемлекетаралық қатынастардың даму серпіні, оның қазіргі заманғы халықаралық қатынастар жүйесіндегі дербестігін қабылдаудың өсе түсуі тақырыптары қозғалды.

Қорытындылай келе, тараптар Парламенттік ассамблея мен жалпы ЕҚЫҰ шеңберінде белсенді өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.

Өзгелердің жаңалығы