Мамин ҚР президентінің сайлауалды бағдарламасының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды

11 Маусым 2019, 12:22
4005
Бөлісу:
Мамин ҚР президентінің сайлауалды бағдарламасының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен 2019 жылғы қаңтар-мамыр аралығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары туралы ҚР Үкіметінің отырысы өтті.

ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын барысында ұлттық экономика, қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму, энергетика, ауыл шаруашылығы министрлері баяндама жасады. ҚР Ұлттық банкі мен бірқатар өңірдің әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

«Биылғы қаңтар-мамыр айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі өткен жылға қарағанда 4% құрады», - деп ҚР Үкіметінің басшысы, экономикалық даму қарқынын арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Экономиканың негізгі қозғаушы күштері құрылыстың 8,8%-ға, сауданың 7,5%-ға, көлік саласының 5,3%-ға, өңдеуші сектор, оның ішінде машина жасаудың 16%-ға, автоөнеркәсіптің 46,4%-ға өсуі болды.

Осы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық даму бойынша Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Түркістан облыстарының оң жұмысы байқалды.

ҚР премьер-министрі Асқар Мамин өңірлер әкімдеріне құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп және тұрғын үйді пайдалануға беру салаларында көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша шараларды күшейтуді тапсырды.

Биылғы мамырда айлық инфляция 0,6%-ды құрады. Осылайша, жыл басынан бері инфляция 2,4%-ды құрады. ҚР Үкіметінің басшысы белгіленген дәлізге (4-6%) сәйкестігіне қарамастан, бірқатар өңірде ауыл шаруашылығы тауарларына бағаның өсуі байқалғанын айтты.

«Қазір жеміс-жидек пен көкөністердің көп уақыты, сондықтан бағалар арзандауы керек. Әкімдер, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау бойынша нақты шаралар қабылдасын», - деді Аскар Мамин. 

Республикалық бюджеттің орындалуы бойынша конкурстық рәсімдерді уақытылы өткізу бойынша күшейтілген жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл бюджет қаражатын игеру бойынша тәуекелдерді жоюға мүмкіндік береді.

Мәселені қорытындылаған ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ҚР Тұнғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағдарын және сайланған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының толығымен жүзеге асырылуын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Бұл экономиканың және инфрақұрылымның тұрақты дамуы, қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау мәселесін жақсарту арқылы халықтың табысын және тұрмыс сапасын арттыру. Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасының стратегиялық міндеттерін тиімді жүзеге асырудың арқасында әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік жасалады.

«Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басымдықты міндеті. Барлық әкімдер және мемлекеттік органдардың басшылары инвестициялар тартуға, шағын және орта бизнестің дамуына барынша көңіл бөлуі керек. Бұл жұмысты үздіксіз жүргізу қажет», - деп Асқар Мамин нәтижелі жұмыспен қамту мәселелері экономиканың дамуына, тұрғындардың табысын арттыруға, бәсекелі өндірістердің ашылуына тікелей байланысты екенін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы