ҚҚС мөлшерлемесін өсіру инфляцияға әкеледі – Ұлттық палата

18 Қыркүйек 2023, 17:32
971
Бөлісу:
ҚҚС мөлшерлемесін өсіру инфляцияға әкеледі – Ұлттық палата
Фото: BAQ.KZ - архив

«Атамекен» ҰКП сарапшылары ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін арттыру туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ұлттық палата басқарма төрағасының орынбасары және «Атамекен» ҰКП жаңа салық кодексінің жобасына ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының басшысы Тимур Жаркеновтың айтуынша, «Атамекен» бизнес-қоғамдастықтың басым бөлігімен бірлесіп, ҚҚС мөлшерлемесін көтеруге үзілді-кесілді қарсы. Бұл шара тауарлар бағасының күрт өсуіне, инфляцияға және шағын бизнестің орташа, ал орташа бизнестің іріге айналуына жол бермейді.

«ҚҚС мөлшерлемесін өсіруге болмайды. Ашық жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да ашық жұмыс істеуге мәжбүр болады. Ал көлеңкеде жұмыс істегендер сол жерде қалып қояды. Ортада тұрғандар сұр аймақты таңдайды. Осылайша Президенттің шағын бизнестің орта бизнеске айналуына қатысты тапсырмасы орындалмай қалады», – деді ҰКП өкілі.

Еске салсақ, жаңа Салық кодексінің жобасын әзірлеу шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі ҚҚС мөлшерлемесін 12%-дан 16%-ға дейін көтеруді ұсынды.

Министрліктің өкілдері ұсынылып отырған мөлшерлеменің ұлғаюы бюджетке қосымша түсімдер әкеледі, сондай-ақ көрші елдерден әкелінетін тауарлармен салыстырғанда отандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады деп санайды. Бұл мөлшерлеме 2025 жылдан бастап қолданылады деп күтілуде.

Бұл ретте бизнес-қоғамдастық бұл тұжырыммен келіспейді. Бұған өатысты өз пікірін кәсіпкер, Учет.кз құрылтайшсы Максим Барышев айтты.

«Бұған жол бермеу керек. Бұл шара өсуге емес, Қазақстан Репсубликасындағы бүкіл кәсіпкерліктің құлдырауына әкеледі. Оның үстіне қосымша құн салығының мөлшерлемесін осылай тез өзгертуге болмайды. Өйткені 2025 жылға бір жыл ғана қалды», – деді Максим Барышев.

Бүгінде Қазақстанда ҚҚС мөлшерлемесі 12 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Ресей, Беларусь, Армениямен салыстырғанда төмен. Бұл елдерде салық мөлшерлемесі 20 пайызға тең.

Айта кетейік, Салық кодексінің жобасын 2024 жылдың бірінші тоқсанында Парламент қарауына жіберу жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы