Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ҚҚС-дан ауыл шаруашылығы мен негізгі азық-түлік өндірушілері босатылады

25 Қыркүйек 2025, 12:43
621
Бөлісу:
 Бауыржан ЖУАСБАЕВ  - архив
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін кезең-кезеңімен өсірудің әлеуметтік-экономикалық әсеріне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, болжамда ҚҚС өсімінің инфляцияға ықпалы 2-2,5 пайыз деңгейінде есептелген.

Біз бұл туралы бірнеше рет айтқанбыз. ҚҚС өсімінің үлесі – 2-2,5%. Бірақ бұл барлық тауарға бірдей әсер етпейді. Өйткені көптеген тауар ҚҚС төлеуден босатылған. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен негізгі азық-түлік өнімдерін шығаратын шаруа қожалықтары салықтан босатылады, – деп түсіндірді вице-министр.

Сондай-ақ ведомство өкілі министрлік талқылаулар барысында ауыл шаруашылығы өндірушілерін толықтай ҚҚС төлеушілер қатарынан шығару ұсынылғанын, алайда кәсіпкерлердің өздері жүйеге қатысуға мүдделі болғанын алға тартты.

Керісінше, бизнес: «Бізге осы құқықты қалдырыңыздар» деді. Біз сол құқықты сақтап қалдық, – деді Азамат Әмрин.

Сонымен қатар вице-министр тұрғын үй мен дәрі-дәрмекке қатысты мәселеге тоқталды. Оның айтуынша, ҚҚС-тың тұрғын үйге әсері тек 2026 жылдан бастап салынатын пәтерлерге қатысты болады.

Үй бірден салына салмайды: алдымен іргетасы құйылады, әрлеу жұмыстары жасалады. Бұл – кемінде бір жылдық процесс. Сондықтан бағаның қазір немесе келесі жылы көтерілуіне экономикалық негіз жоқ. Өтпелі жоспар біртіндеп жүзеге асырылатын болады, – деді Ұлттық экономика вице-министрі.

Өзгелердің жаңалығы