Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ДСМ ресми өкілі Бағдат Қожахметов Facebook-тегі парақшасында қоғам сенімі үшін әлі де күресу керек екенін айтты.
Шәкіртті білім шыңына шығару қиын шаруа. Өмір жылжыған сайын, ұстаздың қадірін терең түсіне бастайсың. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген нақыл адамзат дүниесіне дөп айтылған. Өмір дейтін күресте жеңілмей келе жатқанымыз да сол кісілердің арқасы. Ал, жеңілген сәттерде, жер көтереді деген кеңесі үнемі еске оралады, - деді ол.
Оның айтуынша, праймериздің қорытынды күні ұстаздар мерекесімен тұспа-тұс келді.
Сайдың тасындай іріктелген мықтылар оза шапты. Қоғам өз таңдауын жасады. Ел тарихында алғаш өткізілген праймериз жақсы жағымен есте қалды деп ойлаймын. Партия мен қоғам белсенділері арасында ел игілігі жолында белгілі бір деңгейде интеграция орнады. Осының өзі үлкен жеңіс, - деді Қожахметов.
Ол праймериздегі жеңілісін өзгеден емес, өзінен көретінін айтты.
Ақымақ палуандар кілем үстінде жеңіліп, онысын төрешіден көріп ала шапқынға басып айқайлайтыны бар. Мен бұл жолғы жеңілісімді өзгеден емес, өзімнен көремін. Демек, қоғам сенімі үшін әлі де күресу керекпін. Тағы да сол ұстаздарымның «жеңілгенді жер көтереді» деген тәлімі есіме түсті. Бұл саяси науқанның соңы емес деп есептеймін. Әлі талай белсенділер бәйгесі болады. Бұған дейін айтқанымдай, депутат болсам да, болмасам да ел мүддесі үшін ерінбей жұмыс істей беремін. PS: Басқа ɵңiрлерде қалай болғанын бiлмеймiн. Ал Алматыда праймериз бəйгесi шынайы жəне ашық түрде ɵткенiне кɵзiм жеттi, - деп қосты министрліктің ресми өкілі.