Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр

20 Сәуір 2023, 12:05
8836
Бөлісу:
Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр
Фото: stan.kz

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Түркістандағы тарихи кесененің бүгінгі мүшкіл жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі кейінгі жылдары мавзолейдің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар пайда болған. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр, - деді депутат.

Оның айтуынша абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік мамандардың дабылына құлақ асар емес.

Кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сондай-ақ күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан. 2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жұмыстарын жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «қанағаттанарлық» деп қана баға берген. Мінекей, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр, - деп атап өтті Мақсат Толықбай.

Осыдан кейін ол Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке ұсыныс айтып, сауал жолдады.

Алтай Сейдірұлы, мен сізден кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуыңызды сұраймын. Ол үшін Үкімет кешенді жұмыс жоспарын әзірлеп, кесенені қалпына келтіруге қажетті қаражатты бөліп, жұмыстың орындалу барысын әр тоқсан сайын баяндап, есеп берулеріңізді сұраймыз, - деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі Мәжіліс отырсында депутат Асхат Аймағамбетов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды сұрады.

Өзгелердің жаңалығы