Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы қалай жақсартылады?

Бөлісу:
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы қалай жақсартылады?
Фото: azretsultan.kz

Мәжілістің жалпы отырысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жағдайы мүшкіл екені айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

600 жылдан астам уақыт бұрын салынған кесененің (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – ред.) қазір құлау қаупі бар. Қабырғалары ылғал әсерінен түсіп, кейбір жерлерінде тұз пайда болған. Мұның бәрі ғимараттың негізін бұзып отыр. Сонымен қатар төбелерінен сылақ құлаған. Бұл мәселелердің бәрі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Оларды шешу үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі қандай жұмыстар атқарып жатыр? Қаралып отырған заң жобасында кесенені сақтау қамтамасыз етілген бе? – деп сұрады депутат Назаров.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов депутаттың сұрағына жауап беріп, реставрациялық жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Түркістан облысы Түркі әлемінің киелі және еліміздің беделді туристік аймағы ретінде танылғаннан бері қоғам арасында 2021-2022 жылдан бастап кесенелердің жай-күйі алаңдатушылық тудырды. Бұны Мемлекет басшысы өзінің жұмыс сапары аясында атап өтіп, бірқатар тапсырма берген болатын. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2023 жылы кесененің конструкцияларында ылғалдылық ұлғайып, жалпы ескерткішке қауіп төнгені туралы айтылды. Осы жұмыстар бірқатар ғылыми зерттеу институттарымен жүзеге асырылды. Кесененің аумағында орнатылған жасыл желектер, ағаштар мен газондарды суару ескерткіштің жағдайына әсер етеді. Аталған жұмыстарды тоқтату қажет деп есептейміз делінген. Осы орайда Түркістан облысы әкімдігі суару жұмыстарын тоқтатты, - деп түсіндірді Кочетов.

Айтуынша, қорытындысы бойынша келешектегі ғылыми реставрациялық жұмыстар үшін ғылыми жобалау құжаттамасы әзірленді. Құжаттамаға сәйкес реставрациялық жұмыстар жалғастырылады.

Еске сала кетейік, "Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы" заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.

Бұған дейін Түркістанда тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысан салуға рұқсат етілмеуі мүмкін екенін хабарлаған болатынбыз. Белгілі болғандай, Түркістанға ерекше мәртебе берілмек.

Өзгелердің жаңалығы