Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектелмек – заң жобасы

16 Қыркүйек 2024, 12:41
554
Бөлісу:
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында құрылыс шектелмек – заң жобасы
Фото: Артём Чурсинов - архив

Мәжіліс отырысында Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан және басқа да мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерттелгенін айтты. Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады, - деді вице-министр.

Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері:

- Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарттар құру, сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану;

- қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру.

Заң жобасының негізгі қағидаттары – тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелігін сақтау, - деді Бауыржан Омарбеков.

Заң жобасының негізгі новеллалары:

1.Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру.

2. Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлерінің шығындардың бір бөлігін бюджеттен өтеу.

3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау.

Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.

4. Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға ЮНЕСКО-мен келісім бойынша Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағында жаңа құрылыс жұмыстарын жоспарлау кезінде қала құрылысы жобалары бойынша жаңа құзырет беру.

5. Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша Түркістан қаласы әкімдігіне құзырет беру.

Заң жобасы аясында Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген.

Қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген.

Бірінші бағыт: қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін реттеуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған.

Екінші бағыт: кесене айналасындағы құрылыс стандарттарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған.

Үшінші бағыт: туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін реттеуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағдарланған.

Өзгелердің жаңалығы