Қостанайлықтар жазықсыз құрбандарды еске алды

31 Мамыр 2022, 21:45
1248
Бөлісу:
Қостанайлықтар жазықсыз құрбандарды еске алды
PHOTO

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қостанай халқының тарихында орын алған нәубат жылдардың құрбандарын   еске алу митингісі өтті.

Осы айтулы оқиғаға орай  Жеңіс саябағында өткен  қаралы жиынға кешегі саяси қуғын-сүргін құрбандарының туыстары, облыстық және қалалық  мәслихат депутаттары, жастар ұйымдарының, ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, ұстаздар қауымы мен студенттер қатысты.

Жиын барысында кешегі тар жол тайғақ кешкен заманда арқа сүйер әкелері мен данагөй аталары қанды қол жендеттің қарауылына ілінген  қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары бастарынан өткен тағдыр тауқыметін жан-жақты баяндап берді. Сондай ұрпақтың қатарында Амангелді  ауданынан арнайы келген Айтуар Ташпановта бар. Сол бір ел басына күн туған заманда Айтуар ағамыздың екі атасы мен әкесі тағдырдың кермек дәмін көп татыпты. 

Қостанайлықтар жазықсыз құрбандарды еске алды

Сол бір шаш ал десе бас алған қызыл жендеттердің қырсауында қалып, мал мүлікті тәркілеп,  еріксіз итжеккенге аудауға түскен заманда  атам Мұхамеджан Бүркітұлын 1930 жылдың 26 ақпанында НКВД тұтқындап алып кетіпті. Артынша атама  ату жазасы белгіленіп,   мамыр айының 31 күні  осы Қостанай қаласында атылыпты. Мұхамеджан атамның кіндігінен тараған Жанұзақ атамды бар болғаны  «бай баласы»  деп айып тағып, тұтқындап, еркінен тыс бір түн ішінде 1933 жылы  Семейге апарып тастаған. Біздің әулеттің басындағы сынақ осымен бітпеді. Аты шулы 1937 жылы Жанұзақ атам мен қатар  менің әкем Ыбырай жазықсыз жаза арқалады. Осы жаламен оларды сонау қиырдағы адам аяғы баспайтын Тундра лагеріне жіберді. Осылайша өз заманында орынсыз айып арқалаған ата мен әкем  1944 жылға дейін еңбек лагерінде жазасын өтеді, - дейді Айтуар.Ташпанов.

Қостанайлықтар жазықсыз құрбандарды еске алды

Сол зобалаң кезеңде 25 мыңнан аса қазақстандық азаматтар жазықсыз қазаға ұшырады. 103 мың адамға орынсыз айып тағылып, сотталды. Оның төрттен бірі атылды.  Қазақтың қаншама ұлы тұлғалары «халық жауы» атанып, түрме азабын тартты.

Сол бір ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен кезеңде жергілікті қазақ ұлты ғана емес өзге ұлттарға да оңай болған жоқ. Сондай ұлт өкілдерінің қатарына кәрістер мен шешендерді жатқызуға болады. Бір сәтте барынан айрылып қыстың көзі қырауда қазақ даласына мәжбүрлі түрде келгендердің қатарында Владислава Кимнің ата-анасы да бар еді. Бізді сол бір аязды күндері аман алып қалып, бір жапырақ нанымен, бір түйір құртымен бөліскен қонақжай қазақтың пейіліне мәңгі қарыздар екенін жылап тұрып жеткізді.

Қостанайлықтар жазықсыз құрбандарды еске алды

Біздің әулет1937 жылы қазақ даласына Қиыр шығыстан жазалы болып, қоныс аударуға мәжбүр етті. Бізге тағылған басты айып сол жылдардағы Жапония мемлекетімен болған соғыс еді. Сондағы - біздің бет пішініміздің жапон ұлтымен ұқсастығымыз. Бізді түн ішінде қалың ұйқыда жатқанда орнымыздан тұрғызып, малға арналған алаң ашық  вагондармен қазақ даласына  жеткізді.  Сол сәтте суықтан тоңған  денсаулығымыз нашарлап, өлім мен өмірдің арасында талықсып жеттік. Сол сәтте бізді аман алып қалған қазақ халқы болатын.  Бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаспыз, – дейді Владислава Ким.

Тарих бетінде өзінің  өшпес ізін  қалдырған сол жылдарды ұмытуға болмайды. Себебі, онда тәуелсіздікті аңсаған қазақ зиялыларының арман, тілектері жатыр.                 

 

Өзгелердің жаңалығы