Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қостанай облысын шегіртке басты деген жағдайға қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, проблеманы қолдан ушықтырып отыр.
Біз сенбі күні бүкіл басшылықты сол жаққа жібердік. Орынбасарым арнайы ұшып барды. Бүкіл техника жұмылдырылды. Жексенбі таңертеңнен бастап жағдайды жариялай бастадық. Сайтымызға бүкіл объективті ақпаратты салдық. Бұл үнсіз қалу ма? – деді ведомство басшысы Үкімет отырысынан кейін кулуарда тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар ол ғаламтор желісінде таралған шегірткелер қаптаған видеоға қатысты айтты. Министр зиянкестерден небәрі 500 гектар жер зардап шекті деп отыр.
Біз мұның барлығын дер кезінде назарға алып, қажетті жұмыс жүргіздік. Бұл жерде дәлелсіз кінәлаудың қажеті жоқ. Барлық ақпаратты ұсындым. Өздеріңіз шешім қабылдарсыздар. Біз бұл жағдайда өте жылдам әрекет еттік. Проблеманы шешіп, уақытында шешім қабылдадық. Бірақ проблеманы әдейі ушықтырып, 30 мың гектарға дейінгі аумақ жойылған деген дерек тараған. Олай істеуге болмайды ғой. Азаматтарымызды әдейі адастырмау керек, - деді Ербол Қарашөкеев.
Еске сала кетейік, 3 шілдеде Қостанай облысындағы екі ауданды шегіртке басқаны туралы ақпарат тараған еді. Зиянкестер егістік жерге қауіп төндірген.