Қостанайдағы жылу құбырларының 64 пайызы шіріп тұр

9 Ақпан 2023, 16:57
1020
Бөлісу:
Қостанайдағы жылу құбырларының 64 пайызы шіріп тұр
PHOTO
Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Осы жылдың 1 маусымына дейін облыстың барлық қалалық және аудандық әкімдіктері коммуникациялық желілерге техникалық тексеру жүргізіп, тез  жөндеуді  қажет ететін нысандарды анықтауы тиіс, деп хабарлайды BAQ.KZ  Қостанайдағы тілшісі.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Алмат Ғабпасовтың берген мәліметі бойынша,  облыс аумағындағы жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 810,2 шақырымды құрайды. Соның 57 пайызы қырық жамау құбырлардан тұрады.  Тозығы жеткен жылу жүйелерінің   басым  бөлігі облыс аумағындағы қалаларға тиесілі. Оның жалпы ұзындығы  727,7  шақырым. 

Енді ұзақ жылдар бойы  жөндеу көрмеген жылу құбырларының қазіргі таңдағы жағдайына тоқталсақ. Қостанай қаласында  ұзындығы  241 шақырым құбыр болса, оның 64 пайызы шіріп тұр. Күн сайын құбыр жарылып, төтенше жағдай енгізілген кеншілер қаласы  Рудныйдағы көрініс тіптен көңіл көншітпейді.

Қостанайдағы жылу құбырларының 64 пайызы шіріп тұр

Қаладағы 243 шақырым жылу құбырының 67 пайызын жылдам жаңалау керек.  Ал, Лисаков қаласы бойынша 112 шақырым құбыр болса, оның 41 пайызына күрделі жөндеу жұмыстары қажет.

Жітіқара  қаласында небәрі 78 шақырым құбырдың 57  пайызы апаттық жағдайда. Арқалық қаласында 34,7 шақырым құбырдың  87  пайызын ауыстыру керек. Қостанай іргесіндегі Тобыл қаласындағы бар жоғы 19 шақырым құбырдың 66 пайызы шіріп кеткен.

2022 жылдың соңында 19 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылды. 2023 жылы жалпы құны 8,6 млрд теңге болатын жылу желілерін қайта құру бойынша бес жылжымалы жобаны іске асыру жалғасуда.  Оларды аяқтауға 1 млрд теңге бөлінді. 
Қаңтар айында республикалық бюджетті нақтылау үшін 17,1 млрд теңгенің тоғыз жобасы бекітілді. Оларды жүзеге асыру облыстағы жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 57 пайыздан 55 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді» , – деді Алмат Ғабпасов. 

Қостанайдағы жылу құбырларының 64 пайызы шіріп тұр

Сонымен қатар, биыл тағы 41 шақырым жылу желілерін жөндеуді қамтитын 12 қосымша жобаны сараптамаға жіберу жоспарға енгізіліпті. Оның құны  16,8 млрд теңгені құрайды және желілердің тозуын 3,6 пайызға азайтады.

Енді Қостанай облысындағы барлық деңгейдгі әкімдер 1 маусымға дейін Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша қалалар мен аудандардың әкімдіктері барлық жылу желілеріне техникалық зерттеу жүргізіп, ең осал жерлерді анықтауы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы