Қостанайда заманауи IT-мектеп ашылды

Оқу толықтай тегін және 18 жастан асқан барлық азаматқа қолжетімді.

 Қостанай облысының әкімдігі Бүгiн 2026, 15:20
Бүгiн 2026, 15:20
133
Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Қостанай облысында цифрлық білім беруді дамыту бағытындағы маңызды жоба жүзеге асты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің базасында Мемлекет басшысының қатысуымен өткен телемост форматында Tomorrow School инновациялық IT-мектебінің ресми ашылуы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Tomorrow School – Peer-to-Peer қағидатына негізделген жаңа буындағы білім беру жобасы. Оның басты ерекшелігі – дәстүрлі оқыту жүйесінен бас тарту. Мұнда мұғалімдер мен классикалық дәрістер жоқ. Қатысушылар материалды өз бетінше меңгеріп, тәжірибе алмасып, практикалық тапсырмаларды бірге орындайды.

Жоба Astana Hub экожүйесі аясында Alem.ai Foundation корпоративтік қорының қолдауымен халықаралық 01 Edu білім беру платформасы негізінде жүзеге асырылып жатыр.

Оқу толықтай тегін және бағдарламалау саласында тәжірибесі бар-жоғына қарамастан, 18 жастан асқан барлық адамға қолжетімді.

Білім беру процесі тәжірибеге бағытталған. Қатысушылар нақты жобалармен жұмыс істеп, топпен әрекет ету дағдыларын дамытады әрі тапсырмаларды өзара тексеру арқылы білімін нығайтады. Мұндай тәсіл IT саласында сұранысқа ие қолданбалы дағдыларды тиімді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бағдарлама мамандарды даярлаудың толық циклін қамтиды – бағдарламалау негіздерінен бастап күрделі бағыттарға дейін оқытылады. Барлық тапсырма саланың нақты талаптарына барынша жақындатылып әзірленген.

Кампус тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде жұмыс істейді. Бұл қатысушыларға уақытын икемді жоспарлап, жеке оқу бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру өңірдегі IT-экожүйені дамытуға, заманауи білімнің қолжетімділігін арттыруға және цифрлық технологиялар саласындағы жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

Наверх