Кешен небәрі 1 жыл ішінде салынды. Онда балаларға арналған 24 түрлі үйірме жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғимарат заманауи қондырғылармен жабдықталған. Балалар ғылыммен машықтанып, білімін арттырып және қарым-қабілетін дамытуға мүмкіндік алды. IQOSTANAY оқушылар сарайы заманауи үш қабатты ғимарат. Оның жалпы ауданы 12 мың шаршы метр. Жоба авторларының айтуынша, мұнда әр оқушы жанына жақын үйірмені таба алады. Барлығы мемлекеттік және орыс тілдерінде оқытатын 48 топ болады. Оларға кемінде 1300 оқушы қатысады. Мұнда балалар үшін киберспорт залы, робототехника үйірмесі, виртуалды шындық, 3D модельдеу және инженерия кабинеттері жұмыс істейді. «Күн қарайғанда немесе біз датчиктерге көлеңке түсіргенде жарық диодтары жанады. Қала көшелеріндегі шамдар да солай. Ал таңертең, яғни күн шыға бастағанда, жарық диодтары шамдар сияқты сөнеді». Сондай-ақ Оқушылар сарайында жаңартылатын энергия көздері үйірмесі, гидропоника және аквапоника кабинеттері бар.
Осындай принциппен жұмыс істейтін орталықтар ауданда да болу керек. Осыған байланысты біз аудан және қала әкімдіктеріне тапсырма беріп, келесі жылдың бюджетіне біріншіден орын тауып және қаражат та бөлетін боламыз, - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Сонымен қатар, қосымша білім беру орталығында 84 тұрақты жұмыс орны ашылған.
Бізде жас мамандар да бар. Сондай-ақ тәжірибелі, жоғары білікті қызметкерлер де жұмысқа алынды. Сырбай Мәуленов атындағы гимназия, физика-математика лицейі сияқты инновациялық мектептерден де мамандар қосымша жұмыс істеуге келіп тұрады, - дейді IQOSTANAY оқушылар сарайы директорының міндетін атқарушы Мұрат Нұржанов.
Ал алдағы демалыс күндері балалар мен ата-аналар үшін жаңа Оқушылар сарайында Ашық есік күні өтеді.