Қостанайда Міржақып фильмі түсіріліп жатыр

5 Қазан 2022, 09:13
2080
Бөлісу:
Қостанайда Міржақып фильмі  түсіріліп жатыр

Қостанай қаласының қақ ортасында Алаш арыстарының бірі Міржақып Дулатұлының тағдырынан сыр шертетін тарихи сериалдың түсірілімі болып жатыр, деп хабарлайды Қостанай облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ел үшін еңіреген асыл ердің зар заманда туып, тар қапастың қанды шеңгелінде көз жұмған аянышты тағдырын суреттейтін тарихи киноның декорациялары үшін Қостанайдың өткен тарихынан сыр шертетін қызыл кірпіштен салынған ғимараттар таңдалып алынған.

Қостанайда Міржақып фильмі  түсіріліп жатыр

Алаш арысының болмысы мен өмір жолын суреттейтін алты сериядан тұратын туындының түсірілімдері Қостанай қаласында 3-4 қазан күндері болды. Осы екі күн ішінде қала тұрғындары тарихи киноның нағыз куәгерлері болып қана қоймай, арасында тілек білдіргендері киноға қатысушы болып кеткендері барларын айта кеткен жөн. 

Қостанайда Міржақып фильмі  түсіріліп жатыр

Қаланың орталық алаңында жирен тұлпарларды тақымдап, белгілі тарихи тұлғалардан аумайтын актерлерді көрген адам бір сәтте 20 ғасырдың басында жүргендей әсер қалдырады екен.

Біз шілде айының соңында Қостанайға  осы киноға қажетті қолайлы декорацияларды таңдау үшін келдік. Міржақып сериялының түсірілімі 17 тамызда Алматы облысында басталды. Ол өлкеде біз ең көп материал жинадық. Қостанай жеріне келуіміздің басты себебі тарихи туындыға өң беретін  негізгі сәттерді түсіру, – дейді жобаның бас продюсері Айсәуле Әбілда. 

Қостанайда Міржақып фильмі  түсіріліп жатыр

Екі күн бойы Қостанай қаласында жұмыс істеген түсіру тобы 5 қазанда Міржақып Дулатұлының туған жері Жангелді ауданының Қызбел ауылына аттанды. Ол жерде Міржақыптың балалық шағы мен алғашқы үлкен өмірге қадам басқан сәттері түсірілмек.
Осы орайда ерекше тоқтала кетер бір жайт, жалпы сериалдың бірінші бөлімі Тәуелсіздік күні қарсаңында ұлттық Qazaqstan телеарнасында көрсетіледі деп жоспарланып отыр.

Қостанайда Міржақып фильмі  түсіріліп жатыр

Жалпы еліміз үшін өте құнды туынды болып бағаланып отырған сериялдың түсірілім жұмыстарына ерекше дарын иесі Мұрат Есжан басшылық етуде. Осы Мұрат Есжанның бастамасымен былтыр көрермен назарына ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы сериал ұсынылып, лайықты бағасын алған болатын.

Қостанайда Міржақып фильмі  түсіріліп жатыр

Былтыр «Ахмет. Ұлт ұстазы» киносын түсіргенде оның туған жері Торғайдың назардан тыс қалғаны туралы сын пікірлер болды. Көптеген көрермендер бұдан былай мұндай қателікке жол бермеуді өтінді. Сондықтан бұл жолы біз ақын Міржақып Дулатұлының туған жерінде түсірілім жүргізуді ұйғардық, – дейді Мұрат Есжан.

Бұл жолы Міржақыптың рөлін көрерменге 2022 жылғы «Патриоттар уақыты» атты отандық экшн-фильммен танылған  Бақыт Қажыбаев сомдаса, Міржақып Дулатұлының жары Ғайнижамал Досымбекқызының бейнесі Зарина Кәрменнің еншісіне бұйырыпты.

Кинодағы тағы бір басты кейіпкер Міржақыптың жан досы Базарбектің рөлін Мақсат Сәбитов сомдап жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы